Түркістан облысында алғаш рет «Түркістан қалалық орталық ауруханасы» ШЖҚ МКК базасында стационардың интервенциялық кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Б.Усмановтың жетекшілігімен кенеттен жүрек өлімі қаупі жоғары пациентте кардиовертер — дефибриллятор жүйесін тері астына имплантациялау бойынша шеберлік — класс өтті.
Мамандар отаны «Кеңейтілген кардиомиопатия. Жүрек ырғағының бұзылуы, жүрекшелердің фибрилляция. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі» диагнозымен сырқаттанатын 62 жастағы ер адамға сәтті жасады. Тәжірибесін бөлісу үшін арнайы ҚР бас штаттан тыс аритмологы, «Қазақ аритмологтар қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, медицина ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор А.Әбдірахманов шақырылды.
Кардиовертер-дефибриллятор – бұл электронды антиаритмиялық құрылғы, жүрек ырғағын басқаруға арналған күрделі компьютер, оның өлшемдері кішкентай және кеуде қуысының жоғарғы бүйіріндегі тері астына ендіріледі. Құрылғы жүрек қызметін тұрақты бақылап, бір минутқа да жұмысын тоқтатпайды. Өмірге қауіп төндіретін аритмия (қарыншалық фибрилляция) пайда болған кезде құрылғы жоғары электр энергиясының разрядын қамтамасыз ету арқылы жүректің соғу ырғағы дұрысталып, жүрек өз жұмысын қалпына келтіреді.
Кардиовертер дефибрилляторын имплантациялау – өмірге қауіп төндіретін жүрек соғысының бұзылысы бар науқастарды кенеттен аритмиялық өлімнен қауіпсіз қорғаудың және оның өмірін ұзартудың жалғыз жолы.
Бұл операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде тегін жүргізілді. Бүгінгі күні ота жасалған науқас өзін қанағаттанарлық сезініп, интервенциялық кардиология бөлімінде емін жалғастыруда. Дәрігерлердің кәсібилігінің арқасында науқастың денсаулығына төнер қауіп жоқ.
Медицинадағы инновацияларды әрдайым қолдайтын және жоғары технологиялық оталарды қолданысқа сәтті енгізе білген аурухана басшысы Б.Берденов «Бұл бағыт дамитын болады және мұндай оталардың көлемі мен түрлері бірнеше есе көп жүргізіледі, өйткені мұқтаждар саны өте көп. Біз, Түркістан облысы азаматтарының тағы бір санатына көмектесе алатынымызға және қан айналымы жүйесі ауруларының өлім-жітімін төмендетуге өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз», деді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі