Шадыман шаттығын жетелеп Көктем де келді. Алла нәсіп етіп, тағы бір Амал айымен, тағы бір Көктеммен, алыс-жақындағы ағайынмен қауышуға жазды. Жылда асыға күтетін Ұлыстың Ұлы күні — жайма шуақ Наурыз биыл да табалдырығымыздан аттады. Ежелден келе жатқан көктем мезгілінде тойланатын бұл мереке ырыстың, береке мен молшылықтың, бірліктің, бейбітшілік пен көктемгі жаңғырудың мерекесі, ол әрбір қазақстандық үшін қымбат. Қоғамда бейбітшілікті, келісімді, достықты нығайтуда оның атқарар рөлі ерекше.
Бұрыннан шығыс күнтізбесі бойынша Наурыз Жаңа жылдың басталғандығын білдіреді және көктемгі күн мен түннің теңесуімен дәл келеді. Халқымыздың тұрмысында, әдет-ғұрпында ерекше орын алатын, ертеден – ақ мерекеленіп келе жатқан мейрамның бірі болып табылады. Наурыз — «Жаңа ұғым» деген мағынаны білдіретін, парсы сөзі. Қардың еріп, көктің шыға бастайтын бұл кезді жұртшылық қуана қарсы алады. Мал төлдеп, шаруаның арқасы кеңіп, бала-шағаның, жалпы үлкен мен кішінің аузы аққа тиіп, бәрі зор қуанышқа ие болады. Сондықтан да бұл күн «Ұлыстың ұлы күні» деп аталған. Наурызда туған-туыс, дос-жаран бас қосып береке-бірлік, ынтымақ-жарастық тілеседі. Өкпе-наздарын кешіреді. Өйткені, бұл мейрам ақтың молаятын, күннің ұзаратын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңнің бастамасы. Самарқанның көк тасы еріп, тіршілік атаулыға жылулық әкелетін молшылық мейрамын 21-наурыз күні шаяндықтар да кең ауқымда атап өтті.
Бұл күні дүбірлі той, ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Таң атқаннан алаңға жиналған халықтың қарасы қалың. Жұрт бар жақсысын киіп, ауыл аралап, бір-біріне жақсы тілектер айтуда. Жамбыл ауыл округінің әкімі К.Ахметов бастаған әкімдер де костюмді қазақы шапанға алмастырды. Бата сұраған жұртқа адал ниетпен ақсақалдар да ақ батасын аямауда. Халқымыздың ертеден тойланып келе жатқан бұл мейрамды көпшілік зор қуанышпен тойлауда. Қаз-қатар жасау-жабдығы келiсіп тігілген 10-нан астам ақшаңқан киіз үйлер қазақтың кербез сәні мен салтанытының айғағындай. Мәдениет бөлімі де ашық аспан астында дастархан жайып, мерекенiң думанын қыздыра түскен. Қайсы шаңыраққа бас сұқсаңыз да әсем әннен шашу шашылып, күй төгiлуде. «Жақсыны көрмек үшiн» дегендей, «Наурыз ауыл» көрер көздi сүйсiндiредi. Негiзiнде жыл басының астарында «Наурызда жақсы атаулының бәрiн халыққа көрсетiп, ұсынады» деген түсiнiк қалыптасқан. Осыған орай әрбiр киiз үйдiң жасауы да өз ерекшелiгiмен бiр-бiрiнен үстем түскiсi келгендей бар жақсысын жайып салыпты. Ұйымдастырушылар қазақтың алты қанат ақ боз киіз үйлерін қазақтың әсем ою өрнектері салынған текеметтер және түскиіздері мен үй ішін безендіріп, дала өркениетін көрсетуге тырысқан. Наурыз мейрамына жиналған жұртшылық киіз үй ішіне және сыртына қойылған қолөнер шеберлері мен суретшілердің өнер туындыларын да қызықтап жатты. Әр жерде «Наурыз құтты болсын», «Ұлыс оң болсын» деп жазылған жазулар жарқырап тұрды. Алаңды торлаған қызыл, көк, сары, жасыл, яғни түрлі-түсті жалаушалар мен шарлар көздің жауын алады. Бұл күні аспан ашылып, күн жылынып, табиғат та нұрланып сала берді. Мейірімін шашқан көктемнің бұл күнін көпшілік берекенің бастауы десіп, жақсы нышанға балап жатты.
Көктемгі бірлік және өзара түсінушілік мейрамына Ұлы Отан Соғысының ардагерлері, зейнеткерлер, жасы үлкен қариялар арнайы шақырылды. Қонақтар тек мейрам жөнінде ғана емес, қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдары жөнінде білуімен шектелмей, киіз үйдегі бай дастарханнан дәм татты. Наурыз дастарханында көпшілік наурыз – көже, шұбат, қымыз, қазы-қарта, құрт, сүзбе, ірімшік және тағы басқа да ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Ал, аумақтық инспекция, фито санитария, мал зертханасы мекемелері мен ветеринария бөлімі көпшілікке наурыз көжесін ұсынды. Көжеден дәм татамын деушілердің санына шектеу қоймады.
Мерекенiң ашылу салтанатында аудандық мәдениет бөлімінің «Наурыз керуенi» атты театрландырылған қойылымы көрсетiлiп, Қызыр баба елге, жерге жақсылық, молшылық, табыс, береке, ынтымақ, бiрлiк тiлеп, ақ батасын бердi. Жиналған қауымға Наурыздан наурызға дейiнгi жетiстiктердi жария етiп, Ұлыстың ұлы күнiмен құттықтады. Кимешек киген аналар жаңа күннiң дәмi – наурызкөже, бауырсақ, тәттiлерiн мiнбеде отырған қонақтар мен жалпы көпшiлiкке үлестiрiп, ақтан ауыз тигiздi.
Өнерпаздардың музыкалық-мерекелік сәлемінен соң, ортаға Парламент мәжілісінің депутаты Ұ.Сәдібеков, облыстық мәслихаттың депутаты С.Бекжігітов, аудан әкімі Р.Жолдас, мәслихат хатшысы С.Спабеков шығып, жиналған жұртшылықты Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтап, көпшілікке ақ тілектерін арнады.
— Осынау Ұлыстың Ұлы күнінде сіздерге зор денсаулық, жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін! Нұрлы Наурыз мерекесінде халықтың ұлы достығы мен береке бірлігі арта түссін! Қасиетті бабаларымыздың ақ батасы мен өнегелі дәстүр куәгері болған, осы көктем мейрамы әрбір шаңыраққа жақсылық, қуаныш, ырыс әкелсін! Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!, — деді аудан әкімі Р.Жолдас.
Осыдан соң ауданымыздың дамуына үлес қосқан және депутаттық сайлауда үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру шеберлігімен көзге түскен азаматтарды марапаттау рәсімі болды. Атап айтсақ, Президентіміз Н.Назарбаевтың алғыс хатымен М.Әуезов жалпы орта мектебінің мұғалімі А.Абжалов, облыстық «Нұр Отан» ХДП-ның мақтау грамотасымен аудандық мәслихат хатшысы С.Спабеков, ішкі саясат бөлімінің бастығы Е.Тойжанов, «Алғабас» газетінің редакторы Б.Қалаубай, білім бөлімінің бастығы М.Нақыпбеков, «Бахтияр» қоғамдық қорының төрағасы Қ.Бұхарбаев марапатталды. Ал, аудандық мәслихаттың депутаты Н.Алтыбаев ауданның «Құрметті азаматы» атағын алды.
Бұл күнi балабақша бүлдіршіндері де өз өнерлерін көрсетіп, өз алдына думан жасап, көпшiлiктi мерекелiк концертiмен баурап алды. «Аружан», «Шапағат» балабақшасының өнерпаздарының «Алдар көсе», көктем-ана мен Қызыр бабаны, тоқшылық-берекенiң бастауы төрт түлiк малды бейнелеген сахналық көрiнiстерiне сүйсiнбеген жан қалмады. Мәдени мұра ретiнде туған халқымен қайта қауышқан «Қара жорға» және «Қуыршақ», «Спорт» биi биленiп, ары қарай ойын-сауыққа ұласты. Түрлi өнерлерiн көпшiлiкке ұсынған балақайлардың төбесi көкке жеткендей болды. Шаян көпсалалы лицей орта мектебі мен №1 мектеп-интернатының оқушылары да өз өнерлерін көрсетуде аянып қалмады. Бұдан бөлек спорт алаңшаларында қызметкерлер мен спортшылар, күштерін сынап көремін деушілердің арнайы дайындалған алаңда арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күрестiру сияқты ойын түрлерiнен өтiп жатқан жарысы өз алдына бiр қызық дүние. Мерекелiк думанның қызған шағында ұлттық ойындар қаумалаған көпшiлiктi өзiне тартты. Мекеме қызметкерлері де ұжымымен бірге арқан тартуға қатысып, салауатты өмір салтын ұстанатындықтарын көрсетті. Спорттық жарыстарда арқан тартудан командалық есепте 1-орынға Күлтөбе негізгі орта мектебінің мұғалімдері ие болды. №1 мектеп-интернатының мұғалімдеріне 2-орын бұйырса, ал 3-орынды аудан әкімдігінің қызметкерлері қанжығасына байлады. 24 келілік гір тасын №1 мектеп-интернатының мұғалімі Е.Байғонов /1-орын/ 48 рет, Күлтөбе мектебінің ұстазы М.Боранбаев /2-орын/ 45 рет, Шаян ауылының тұрғыны С.Батырбаев /3-орын/ 40 рет көтеріп, мықтылықтарын байқатты. Жарысқа қатысушы спортшылардың бәріне сыйлықтар таратылып, мәз-мейрам боп тарқасты.
— Наурыз — әлем халықтары арасындағы ежелгі және жылдың жаңаруын алғаш әйгілеп, адамзатқа дәстүрлеген бірден бір әуелгі мереке. Бұл дәстүрдің аталуы мен «наурыз» сөзінің таралу аумағына қарағанда, оның адамзаттық жыл мерекесі екенін мойындауға тура келеді. Ұлыстың ұлы күні саналатын Наурыз мерекесі Кеңес өкіметінен тәуелсіздік алған түркі елдерінде ХХ ғасырдың 1988 жылдан бастап қана ресми түрде қолға алына бастады. Қаншама қысымшылық көрсетілсе де ұлттық мерекемізді ата-бабаларымыз сақтап қалды. Бұл мейрамда ағайын арасында кірбің болатын болса, оның бәрін ұмытып, болашаққа әділ көңілмен, жақсы үмітпен қарайтын кез. Сондықтан бір-бірімізге жақсылық, береке тілейік!, — дейді Садықбек қария.
Мереке соңында аудан әкімінің алғыс хатымен «Ұлттық киім үлгісі» номинациясы бойынша С.Молдабеков, «Наурыз қариясы» М.Абдуллаев, «Сауықшыл жас» Г.Кішкенова, «Мың бұралған биші» Қ.Әбдібек, «Ерекше киім үлгісі» К.Ахметов, «Күміс көмей әнші» номинациясы бойыншы Ғ.Масаурова мадақталды. Сондай-ақ ұлттық нақыштағы үй, ұлттық тағам, үлгілі ауыл, ұйымшыл ауыл, сері жігіттер ауылы, ұлттық дәстүр, батагөй ауыл номинациялары бойынша да бірқатар мекемелер марапатталды. Ал, киіз үйдің әсемдігі, ішіндегі қолөнер бұйымдарының көптігі, дастарханның молдығы жөнінен М.Әуезов жалпы орта мектебі, Бәйдібек несие және Альянс банк мекемелері бірлесіп құрған киіз үй бірінші орынды жеңіп алды. Ал, білім бөлімі, №1 мектеп-интернаты мен Шаян көпсалалы лицей орта мектебінің киіз үйі 2-орыннан көрінсе, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық мекемесі мен құрылыс бөлімінің бірлесіп құрған киіз үйлері 3-орынға лайық деп таңылды. Несiн айтасыз, наурыз-думан ел есiнде айта жүретiндей сауық-сайранымен қалды.
***
Наурыз мерекесі 22-наурыз күні Екпінді ауылында жалғасын тапты. Ауылдағы ағайындар наурыз мейрамына Арыс және Бәйдібек ауданынан жиналған қонақтарға айқара құшақ ашып, қуанышпен қарсы алды. Мұндағы үлкен етіп құрылған алтыбақан той ажарын аша түскендей алыстан көз тартады. Алтыбақанды айнала дуылдасып, қызылды-жасылды киінген көпшілік мерекелік көңіл-күймен мидай араласып, бір-бірімен көрісіп, сәлемдесіп, той думанын қыздырып жіберген.
Бұл ауылда «Төсқара» тойханасында 300-ден астам адамға мерекелік дастархан жайылып, көпшілікке концерттік бағдарламалар көрсетілді. Сахна шымылдығы қазақы салт-сана жоралғыларын сақтай отырып, жаңа жұртқа жиылған әлеуметті қыс ызғарынан аластап, көктемнің нұрлы шуағымен шомылдырғандай болып жылы шырай танытқан табиғатпен астаса, ақ киімді шырақшылардың «Аластау» рәсімімен ашылды. Ел ана, Наурыз ата, Қыдыр аталар тойға жиналған ағайынға батасын арнап, халық тай қазандағы наурыз көжеден ауыз тиді.
Көпшілік алдында облыстық мәслихаттың депутаты С.Бекжігітов, аудан әкімі Р.Жолдас, Арыс ауданының әкімі Қ.Сыдықов, аудандық мәслихат хатшысы С.Спабеков, аудандық мәслихаттың депутаты А.Құлымбет сөз сөйлеп, құттықтау лебізін білдірді. Білім сапасын арттырып, шәкірт тәрбиелеуде аянбай еңбек еткені үшін Ш.Бүркітбаевқа аудан әкімінің алғыс хаты тапсырылды. Бұл жақта да түрлі спорттық ойындар болып, білектілер мен жеңімпаздар анықталды. Жиылған жұртшылық ашық аспан астында ән айтып, би билеп, мерекені көңілді күймен тойлады.
Бағлан Нұралыұлы.
Суреттерді түсірген М.КӘТТЕБЕКҰЛЫ.