Бүгінгі қоғамның басты мәселесіне айналған — баспана өзектілігін еш жойған емес. Бұл ретте ел тұрғындарының қажеттілігін өтеуде отандық банктер ипотекалық несие жүйесін іске қосты. Осы ипотеканың игілігін көрген де бар, көрмегені де бар. Көзсіздікке ұрынып, ипотеканың илеуінде кетіп, баспанасынан айырылып жатқандары кездеспеді емес. Қалай десек те, қаймана қазақтың үйлі-жайлы болуын «көксеген» банктер енді кеп ипотека беруден бас тартып жатыр.
Иә, өткен жылдың соңында екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несие беруді тоқтатқаны туралы ақпар тараған. Ал мұны сан саққа жүгірткен жұрт баспана бағасының күрт қымбаттайтынын да болжап үлгерді. Қарап отырсақ, ипотекалық несие арқылы үй алу елге тиімді десек те, бұл тұнып тұрған банк бизнесі екенін бағамдау қиын емес. Бұл мәселеде банктер енді жылдар бойы жүргізіліп келген ипотекалық саясаттың тиімсіздігін айтып дабыл қағуда. Ішкі нарықта берілетін жалпы несиенің ішінде ипотеканың үлесі 6%-ға жетер-жетпес болса, 2012 жылмен салыстырғанда былтыр банктер 10 %-ға дейін ипотека көлемін төмендетіпті.
«Біздің банк біраз уақыттан бері теңгемен ұзақмерзімдік несие беруді тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл нарықта орын алып отырған проблемалармен тығыз байланысты. Дегенмен ұзақмерзімдік несие беруді тоқтатып қана қоймай, оның тиімді жолдарын да іздестірудеміз. Мәселе шешілсе, ұзақмерзімдік кредит беруді қайта жандандыруымыз мүмкін». Осылай деген «Қазкоммерцбанк» АҚ басшылығы ипотека беруді тоқтатты. Қазақстанның қаржы нарығында шетел инвестициясының ықпалы жоғары. Солай десек те, қазір отандық банк секторы сырттан ұзақ мерзімді төмен пайызды қаражат тарта алмай отыр. Оған әлемдік қаржы дағдарысына дейін бірқатар екінші деңгейдегі банктердің шетелден алған борышы бойынша міндеттемесін толыққанды атқара алмағандығы себеп болды дейді сарапшылар. Одан бөлек инфляция көрсеткішінің деңгейі де банк ісінде ерекше рөл ойнайды. Мұндайда лажы жоқ банктер ішкі нарыққа арқа сүйейді. Қалай десек те, қазір бұл жөнінде банктер жарытып мәлімет бермейді. Тек, әліптің артын бағып отыр.
«Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы өткен жылы 383 миллион көлемінде ипотекалық несие беріпті. Филиал өкілі Елжан Байтанаевтың айтуынша, биылдан бастап ипотекалық несие беру тоқтатылған.
— Жаңа жылдан бастап ұзақ мерзімді кредит беру тоқтатылып отыр. Бұл ретте басқа банктер де бас тартуда. Оның әртүрлі себептері бар. Ал біз бұдан бөлек «Қолжетімді баспана- 2020» бағдарламасы бойынша «сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлер» бағытын жүзеге асырамыз, — дейді ол.
Рас, елімізде тұрғын үйге деген сұраныс күннен-күнге артып келе жатыр. Мәселен, статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 6-7 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады екен. Бұл – халықтың тұрғын үйге деген сұранысын қанағаттандыра алмауда. Егер Үкімет жыл сайын салынатын үйдің ауқымын 10 – 12 миллион шаршы метрге жеткізсе, ипотекалық кредиттің пайыздық мөлшері анағұрлым төмендетсе, тұрғын үй мәселесін шешуге болады деп санайды мамандар.
Р.ҚОНАРБЕКҚЫЗЫ, «Шымкент келбеті».