Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында Шымкенттің ірі қалалар агломерациясына енгізіліп, заманауи урбанистік орталыққа айналуы керектігі туралы тапсырма берді. Таяу болашақта бұл агломерация халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталығына, ғылым мен білімнің ордасына айналады. Елбасының бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүргізілген археологиялық зерттеулер Шымкенттің еліміздегі ең ежелгі қалаларының қатарына жататындығын дәлелдеп отыр. Қаланың жасы 2200 жыл екендігі туралы алғашқы ғылыми хабарламаны 2008 жылы белгілі археолог ғалым К.М.Байпақов жасаған болатын.
Қазір белгілі болғанындай, Шымкент қаласының тарихы сонау қола дәуірінен бастау алады. Біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдықтың бас кезінде табиғаты қолайлы оңтүстік өңірінде егіншілер мен малшылардың көптеген елді мекендері пайда болып, болашақ қала өркениетінің негізі қалана бастады. Қала орнының қат-қабат қыртыстарынан Қаңлы, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ, Қарахан мемлекеттері дәуірлерінің іздері айқын көрінеді. Жазба деректерде қаланың аты тұңғыш рет 1425 жылы аталады. Шараф ад-Дин Али-Йаздидің «Зафар-наме» атты кітабында Ақсақ Темір 1366 жылы Ташкенттен Сайрамға барар жолда өзінің жүк тиелген арбаларын Шымкент елді мекенінен тапты делінген. Орыс деректерінде Шымкент қаласының аты Чимин түрінде кездеседі.
ХҮІІІ ғасырдың аяғына таман күшейген Қоқан хандығы ХІХ ғасырдың бас кезінде Ташкентті бағындырғаннан кейін Шымкентті және Оңтүстік Қазақстанның көп бөлігін басып алды. Басқыншылардың қатал езгісі мен аяусыз зорлық-зомбылығына төзбеген жергілікті халық 1821 және 1858 жылдары көтеріліске шықты. Бұл кезде Ресей мемлекеті Қазақ жерлерін жаулап алуды аяқтап, Орта Азияға енуді көздеген болатын. 1860 жылы орыс әскерлерінің қоқандықтарға қарсы белсенді әскери қимылдары басталып Тоқмақ, Пішпек қалалары алынды. 24 қазанда Ұзынағаш маңында болған шайқаста қоқандықтар жеңіліс тапты. 1864 жылдың 4 маусымында полковник Черняевтің әскері Әулиеатаны, Ақмешіттен аттанған полковник Веревкиннің әскері 12-маусымда Түркістан қаласын басып алды. Осы жеңістері үшін Черняев пен Веревкиннің әскери шендері жоғарылатылып, генерал-майор атақтарын алды. Осы жылдың 22-23 шілдесінде орыс әскерлері Шымкентті алуға әрекет жасады. Бірақ бұл уақытта қоқандықтар Шымкентке едәуір әскери күштерін тартып үлгеріп, қарсы соққы берді. 1864 жылдың күзіне қарай, Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азиядағы әскери-саяси жағдай орыстар үшін сәтті қалыптасты. Қоқан әскерінің басшысы Әлімқұл қазақтарды орыстарға іш тартасыңдар деп кінә тақты. Қазақтың белгілі билері Байзақ пен Ниязәліні Шымкентке айламен шақырып алып, зеңбіректің оқпанына арқанмен байлап атқызады. Шымкент уәлаятын басқаруды Ташкенттің беклербегі Мырзахметке тапсырады.
Осы кезде Түркістан қаласынан аттанған М.Г.Черняевтің әскері мен Әулиеатадан шыққан Лерхенің әскері Шымкент маңайында қосылды. Қыркүйектің 22-сі күні орыс әскерлері қиян-кескі ұрыстардан кейін Шымкент қамалын басып алды. Орыс әскерлерінен 6 адам қаза тауып, 41 адам жараланды. Ал қаланы қорғауда қаза тапқандар саны 3170 адам болды. Шымкент қаласының алынуымен Сырдария және Сібір әскери шептері түйісті. Қазақ жерлері толығымен құрсауға алынып, Ресей отарына айналды. Орыс әскерлері Шымкентте қыстап шыққаннан кейін 1865 жылғы маусымда үш күндік ұрыстан кейін Ташкентті бағындырды. Осылайша Орта Азияны жаулап алуға жол ашылды.
1867 жылы орталығы Ташкентте орналасқан Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды. Оған жаңадан құрылған Жетісу және Сырдария облыстары кірді. Шымкент Сырдария облысы құрамындағы уездік қалаға айналды. 1867 жылы қала хылқының саны 4 мыңды құраса, 1897 жылы 11194, 1910 жылы 16 мың болды. 1883 жылы Шымкентте Санторин зауыты салына бастады. Мұндай кәсіпорын бүкіл жер шарында біреу ғана болатын. Адамның және үй жануарларының ішек құртына қарсы қолданылатын санторин дәрісі тек осы жерде өсетін дәрменеден алынатын. 1885 жылы іске қосылған зауыт жыл сайын 600 пұт санторин өндіріп Германияға жіберетін, сол жерден дүние жүзіне таралатын. Қазақстанның химия өнеркәсібінің тұңғышы болған бұл кәсіпорын бүгінде елімізде шығарылатын дәрілердің басым бөлігін өндіреді. ХХ ғасырдың бас кезінде қалада 3 мақта тазалайтын, 5 тері илейтін, 4 сабын қайнататын ұсақ өндіріс орындары, 28 диірмен болды. Қаладағы алғашқы мектеп 1875 жылы ашылды. 1879 жылы бір кластық қыздар мектебі, 1887 жылы орыс-түзем училищесі ашылды. 1900 жылы алғашқы қоғамдық кітапхана пайда болды. 1868 жылы әскери лазарет ашылды. 1907 жылға дейін қаланың медициналық қызметкерлері бір уездік дәрігерден, бір фельдшер мен бір кіндік шешеден тұрды.
Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезеңде қалада мақта тазарту, тері илейтін шағын зауыттар, электр станциясы, бумен жұмыс істейтін диірмен, макарон зауыты, ет комбинаты, жеміс-көкөніс комбинаты т.б. кәсіпорындар іске қосылды. Сантонин зауыты қайта жарақталып өнім бере бастады. Бұл кезеңдегі маңызы зор оқиға Шымкент қорғасын зауытының салынып, 1934 жылдан өнім бере бастауы еді. Бұл зауыт өзінің қуаттылығы жағынан КСРО-да бірінші, ал әлемде үшінші орын алатын. Кәсіпорын Ұлы Отан соғысында айрықша маңызға ие болды, жауға қарсы атылған әрбір он оқтың жетеуі Шымкент қорғасынынан жасалды.
1939 жылғы санақ бойынша қала халқының саны 74 мыңнан асты. 18 мектептегі оқушылар саны 13745-ке жетті. Мұғалімдер институты, Тау-кен техникумы, ауылшаруашылығы техникумы, педагогикалық училище, фельдшерлік-акушерлік мектеп, қолөнер училищесі жұмыс істеді. 1940 жылы қалада 518 орындық 9 аурухана, 9 дәрігерлік амбулатория, 700 орындық 10 балалар бақшасы, 120 орындық 2 босану үйі болды, оларда 81 дәрігер мен 260 медбикелер қызмет етті.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Шымкентке 17 кәсіпорын көшіріп әкелінді. Олар қысқа уақыт ішінде майданға қажетті өнім бере бастады. 1942 жылы Шымкентте республикадағы ең ірі май комбинаты, мақта-мата комбинаты, айна фабрикасы іске қосылды. Соғыстан кейінгі жылдарда қала өнеркәсібі қарқынды дамыды. Бұл кезеңде «Восход» тігін фабрикасы, Қаракөл зауыты, Цемент зауыты, асбоцемент конструкциялары комбинаты, «Электроаппарат» зауыты, Фосфор зауыты, гидролиз зауыты сияқты ірі кәсіпорындар іске қосылып, қаланың өндірістік қуатын арттыра түсті. Пресс-автомат, химфарм, фосфор зауыттарының өнімдері дүниежүзілік рынокта үлкен сұраныс тауып, әлемнің көптеген елдеріне экспортталды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлік жедел қарқынмен дамып келеді. 2013 жылы өңірімізге жұмыс сапарымен келген Президент Н.Ә.Назарбаев Шымкент қаласының еліміздегі үшінші мегаполис болуы керектігін айтқан болатын. Елбасының биылғы Жолдауына сәйкес Шымкент республиканың төрт ірі агломерациялық орталығының біріне айналуы тиіс. Елбасының тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, облыс және қала жетекшілері бұл бағытта ауқымды шаралар атқаруда. Бүгінгі тамаша қаланың өсіп — өркендеп, Мәңгілік Ел – Қазақ Елінің агломерациялық мықты ұстынының біріне айналуы алыс емес деген сенімдеміз.
Ж.Әйменов,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік
университетінің бірінші проректоры, профессор.
С.Әлібек,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік
Қазақстан мемлекеттік университетінің
факультет деканы, профессор.