ОҚО Шардара ауданындағы бала саны көп білім ордасының бірі – Алатау батыр ауылындағы Сырбек Кәттабеков атындағы жалпы орта мектебі. 2016-2017 оқу жылын мектеп тәп-тәуір табыспен аяқтады деп айтуға негіз бар. Аталмыш білім ордасында 1499 оқушы биылғы оқу жылын аяқтаса, соның 129-ы 11 сыныпты бітіріп отыр. Бұлардың ішінен 90 түлек ҰБТ сынағын тапсыруға өтініш берген. Дарынды оқушылардың « Самұрық математик» сайысына 103 оқушы, « Ақбота» зияткерлік сайысына 17 оқушы, « Зерде» ғылыми жобасына 4 оқушы, « Брич Булдог» интеллектуалдық конкурсына 12 оқушы, «Алтын ұрпақ» облыстық зияткерлік олимпиадасына 112 оқушы қатысып,оның 16-сы түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды. Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған самбо күресінен облыс чемпионатында ІІ орын иеленген Тәжі Лесбек сынды шәкірттерін орынды мақтаныш етеді.
Биылғы оқу жылының аяғында Кәттабековтер әулеті бір игі бастаманы қолға алды. Отбасы мүшелері өзара ақылдаса келе мектепті үздік бітірген оқушыларға Сырбек Кәттабеков атындағы стипендия тағайындауды ұйғарды. Кешегі өткен «Соңғы қоңырау» мерекесінде «Алтын белгіден» үміткер 7 оқушыға, атап айтар болсақ, Әбубәкір Ағжан, Азамат Қайрат, Бигелов Нұрбек, Кенжебек Рысбек, Қабидолла Жансая, Сырбек Аида, Сәдуақас Назерке есімді түлектерге көп алдында Сырбек Кәттабеков атындағы стипендия табыс етілді. Бұл игі іс бұдан былай жыл сайын тұрақты түрде жалғасын тауып отыратын болмақ. Жас жеткіншектердің болашағына қамқорлықпен қарап, шәкіртақы тағайындап отырған Кәттабековтер әулетінің осынау игі тірлігін үлкен азаматтық деп айтсақ жарасады. Әлеуметтік дамуға өз үлестерін қосуда.