Баспасөз беттерінде жарияланған деректерге сүйенсек, ХХ ғасырдың бас кезінде Шымкент қаласында 5 тері илейтін ұсақ өндіріс орны, тері илейтін шағын зауыттар болған екен. Көнекөздердің айтуынша, ОҚО Мақтарал ауданында да мал терісінен тон дайындайтын цехтар жұмыс істеген. Алайда олардан бүгінде жұрнақ та жоқ.
«Біздің ауданымыздағы төрт түліктің терісі мен жүні қазір қандай кәдеге жарап жатыр? Жылына қанша тері мен жүн басқа аудандарға немесе шетел асады? Жыл сайын төрт түліктен қандай көлемде тері мен жүн алынып жатыр?» деген тәрізді мәліметтерді білмекке аудандық ауыл шаруашылығы, аудандық ветеринария, аудандық «Ветеринариялық қызмет» бөлімдеріне бардық. Ветеринариялық инспекция бөліміне қоңырау да шалдық. Бір қызығы, аталған бөлімдердегі басшылар мен мамандардың (К.Байжанов, Т.Қаленов) барлығы «бізде ол туралы ешқандай мәлімет жоқ» деген «сылап-сипаған» сөзден әріге асқан жоқ. Таң қаларлығы, ветеринария бөлімі мал сою бекеттеріндегі мал терілерінің қайда өткізіліп жатқандығынан да бейхабар болып шықты. Бұл салаға жауапты мамандардың өзі бұл жайлы ештеңе айта алмады. Ол жағы өздеріне де беймәлім көрінеді. «Ветеринариялық қызмет» бөлімі мамандарының айтуынша, малдың терісі мен жүнінің ауданымыздан еліміздің басқа аудандарына жөнелтілгенде берілетін арнайы №3 үлгідегі ветеринариялық анықтамасы соңғы 3 жыл көлемінде тіркелмеген. Демек, біздің ауданымызда қай кезеңде де құнды болып келген малдың терісі мен жүніне бүгінде ешқандай мән берілмейді деген сөз. Тіпті, оны кімдер алып жатыр, олар қайда кетіп жатыр, ол жағы да қараңғы. Ал ұзынқұлақтан естіген әңгіменің сарынына құлақ түрсек, біздің елімізден барған терінің пайдасын Қытай, Түркия, Ресей кәсіпкерлері көруде екен. Осы тұста айта кететін тағы бір маңызды мәселе – терілерді сатып алу және сатумен арнайы рұқсат қағазы бар, осы саланың мамандары ғана айналысуы керек. Себебі, тері шикізаты тез бұзылады. Әсіресе, оны көктем, жаз айларында сақтау қиын. Сондықтан ол арнайы орындарда сақтауды, күтуді және санитарлық сақтану талаптарын қажет ететінін ескерсек, аудандық ауыл шаруашылығы мен ветеринария бөлімдерінің бұл саладан хабары болмағандықтары ойлантады. Осы тұста шын мәнінде технологиялық сауаты жоқ тері өткізушілер шетелдіктердің пайдасына жұмыс істеп жатыр ма екен деген ой да қылаң береді.
Шын мәнінде, қай кезеңде де жоғары сұранысқа ие мал өнімдерінің бағасы нарық заманында түсіп кетуі ақылға сыймайды. Қайта бұрынғыдан да қымбаттауы керек емес пе?! Себебі, үстіміздегі жүннен тоқылған киімдердің, былғарыдан жасалған аяқ киімдер мен тондардың бағасы өспесе, кеміген жоқ. Тіпті, осы жылдың басында бірнеше ауылдарда есектердің біразы себепсізден-себепсіз жоғалғаны көпшіліктің есінде болар. Оның соңы құлағы мен терісін сыпырып алып, өлі денесін арықтарға тастап кеткендігі жайлы ақпар ел ішін жайлаған еді. Сол кезде «Есектің терісін қытайлықтар қомақты ақшаға сатып алатын көрінеді, сондықтан біздің ауылдың есектері Қытай асып жатыр екен» деген әңгімені де естідік. Бір таңданарлығы, «талай есектің басын жалмаған әккі ұрылар кім, олар бұл қадамға нендей себептермен барды екен?» деген сауалдардың басы ашық күйінде қалды. Бұған аудандық ішкі істер бөлімі де нақты жауап бере алған жоқ. Бұл да өз кезегінде осы салаға жауапты мамандардың салғырттығының айқын көрінісі болса керек.
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ең көп қолданылған шикізаттардың бірі – қойдың терісі мен жүні. Халқымыз қадір тұтып, қастерлеген төрт түлік малының терісі мен жүнінен киім тігіліп, киіз басылып, сан түрлі ыдыстар мен жауынгерлік бұйымдардың бөлшектері дайындалған. Ата-бабамыз үшін соншалықты құнды болған шикізаттың бүгінде қадірі кете бастағаны ащы да болса шындық. Себебі, оларға деген сұраныс жоқ. Сондықтан қойдың терісі мен жүні құрттап далада жатыр. Осы қой терісі жүнін пайдаланып, сан түрлі тауарлар шығарып, мол пайда тауып отырған елдердің бар екендігін көргенде ішің ашиды-ақ. Мәселен, Ұлыбританияда қой терісінен жасалған тауарлар бүгінде әлемге танымал. Тіпті көршілес Өзбекстан да қойдың терісі мен жүнін пайдаға асырудың жолын тапқан. Ендеше біз неге қой терісі мен жүнін пайдалана алмай отырмыз? Ауданымызда аталмыш шикізаттарға деген сұраныс неге жоқ және аяқ астында жатқан осынау байлыққа деген немқұрайлылық қашанға дейін жалғаспақ? Осы саланың өн бойына қан жүгіртетін кәсіпкерлердің біздің ауданымыздан шықпағаны ма? Осы тақылеттес сауалдардың жауабын білмекке аудандық кәсіпкерлік бөліміне бас сұқтық. Ондағы мамандардың айтуынша, тері өңдеумен айналысуға ниет білдірген кәсіпкерлер болған көрінеді. Бірақ, бар мәселе қаржыға келіп тіреледі екен. Өйткені, тері өңдеуге арналған бір аппараттың өзі кемінде 350-500 мың доллар тұрады. Ал ондай қаражатты қарапайым шаруаның қалтасы көтермейтінін айтады мамандар.
Бұл да сыныққа сылтау ма деген ой келеді. Өйткені, «Заря коммунизм» аталып кеткен елді мекеннен Қасымбек Ақбаев есімді азаматтың сонау 1990 жылдары кішігірім тон цехын ашып, жұмысын жандандырғанын айтады көзі көргендер. Сондай-ақ, осы жылдары Асықата өңіріндегі Ынтымақ ауыл округінде Әзімхан Сарыбаев деген іскер азаматтың да теріден тон, ерлер күртешесін тігіп, кәсібін дөңгелеткенін естідік. Бірақ, кейін нарық заманының «қарлығаш кәсіпкерлері» еш жерден қолдау таппай, цехтары жабылып қалған. Бүгінде бұл екі азамат та бақилық болған.
Егер осылайша бұл сала мүлдем назардан тыс қалып, төрт түлік малдың берекесі иен далада шашылып жата берсе, оны пайдалана алмасақ, жүн мен терімен бірге халық мәдениетінің де бір бөлшегі құрдымға кете ме деген қауіп те жоқ емес.
Күніне қанша қойдың сойылатынын ешкім де тәптіштеп айта алмасы анық. Қалай десек те солардың барлығы түгелге жуық ысырап болып жатыр деген сөз. Түйенің жүні болмашы тиын-тебенге сатылса, қойдың жүнінің көбісі дерлік өртеліп жатыр. Ал табиғи шикізат – тері мен жүннен қағылғанымызға мән бермейтін біздер қытайдың синтепон салынған көрпе-жастығын тұтынып мәзбіз.
P.S. Айтқандай, қойдың мүйізінің жайы қандай күйде? Бірнеше жыл шопан болған бір кісі оның да ине, қыздардың түрлі сәндік бұйымдарына пайдалануға болатынын айтады.
Б.ТӘҢІРБЕРГЕНОВА.