«Ресоциализация: Сен қоғамға керексің!». Шымкентте ҚР Бас прокуратурасының жобасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасымен «Пробация орталығы» ашылды. Мұнда түрмеден босап шыққандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіледі. Орталықты ашу үшін облыстық әкімдік өкілдері мен прокуратура, жергілікті полиция қызметкерлері бірлесіп, өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. «Бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін орталықтың мақсаты – түрмеден шыққандардың қайта қоғамға бейімделуіне ықпал жасау, мүмкіндігінше сотты болған адамдардың барлығын жұмыспен қамту. Мұнда жұмыспен қамту орталығы мен Әділет, денсаулық сақтау департаменттері, білім беру басқармасы тығыз байланыс орнатады. Мамандар бұрынғы сотталғандарға зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау үшін құжаттар дайындауға көмектеседі.
Ермек Әйтімов – Облыстық прокуратураның басқарма бастығы: Пробация учетында тұратын азаматтар келіп, әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін ең аз дегенде 10 күн жоғалтады. Бұл жағдайды біз 1 күннің ішінде өтіп, бір күнде бітіруге мүмкіндік бар. 2 кабинетте 6 орган қызметкерлері жұмыс істейді.
Пробациялық бақылауда тұрған Анарғали Төлетаев орталыққа жолдама бойынша келген. Темір тордың ар жағында құр қарап жатпай, бизнес идеясын жетілдірген. Өз кәсібін ашқысы келеді. 1,5 жыл абақтыда отырған 3 баланың әкесі бүгінде автоэлектрші мамандығын оқып, құжатын алмақшы. Енді осы санаттағы адамдар пробация үйіне келіп, әлеуметтік-құқықтық көмек алмақ.
Анарғали Төлетаев – жоба қатысушысы: Пробация қызметінің көмегімен жолдама алып, осы орталыққа келдім. Бизнес орталығында автоэлектрик мамандығын оқып алдым. Жақында диплом алам. Жеке СТО ашып, сол жерге электрші болып істесем деген мақсатым бар. Ақыл-кеңес беріп жатыр, бұл кісілерге үлкен рахмет.
Облыс бойынша пробациялық бақылауда 3 118 адам тіркеуде тұр. Оның 40 пайызы — қалада. Мұнда сотты болғандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың ескі әдетке көшпеуіне байланысты мәселелер талқыланды. Енді мұндай орталықты Түркістан қаласы мен Төлеби ауданында ашу жоспарланып отыр.
АҚМАРАЛ Көпжасарова