Айт — сөзі мереке, мейрам деген түсініктерді білдіреді. Жалпы, адам баласы айт мерекесі күндері қандай ізгі һәм сауапты амалдарды жасауы керек. Ең алдымен, оразаның соңғы кешінде моншаға түсіп, толық тазаланады. Ертесіне айт намазы күні таң сәресіне тұрып, сүннет амалы бойынша «Қоштасу сәресін» ішіп, ауыз бекітіп, айт намазына бару керек. Бұл мұстахаб амалына жатады.
Шариғат бойынша айт намазын оқу уәжіб амал болып саналады.
Сонымен қатар, Рамазан айында пітір садақасын бермеген азаматтар садақаларын айт намазының оқылуына дейін беруі ләзім. Пітір – ол жан садақасы болып саналады. Ғұламалар мұны «жанның зекеті» деп есептеген. Өйткені, айт намазынан соң берілген пітір садақа жай садақа ретінде қабылданады. Сондықтан мұны ұмытпаған жөн.
Айт намазы күн найза бойы көтерілгеннен кейін, жамағатпен бірге оқылады. Айт намазын оқу ерлер мен әйел кісілерге бірдей уәжіб болып саналады. Және де әрбір мұсылман айт күндері мынадай амалдарға назар аударғаны абзал:
— Көп зікір айту, яғни Аллаһ тағаланы көбірек еске алу, нәпіл намаздарын, құран, діни әдебиеттерді оқу;
— Сауапты істермен айналысу;
— Ғұсыл құйыну, яғни көшеге, намазға тазаланып, дәретпен шығу;
— Жағымды иіс майлар себу;
— Жақсы және таза киім кию (мүмкіндігі болып жатса жаңа киімдер кию);
— Ораза айтының алғашқы күні намазға сәресі ішіп, ауыз бекітіп шығу (құрбан айт мерекесінде айт намазына дейін тамақ ішілмейді);
— Айт намазы күні таңертең намазға дейін Аллаһ тағаланы еске алып, дұға – тілек жасау;
— Айт намазына барарда бір көшемен барып, қайтар жолды басқа көшемен қайту; Яғни достарымыздың, бауырларымыздың, көршілеріміздің үйлеріне кіріп, айттап, мерекелеу;
— Айт намазына балаларды да қатыстыру;
— Айт күндері мүмкіндігінше азаматтардың бір-біріне сый-сияпаттар жасауы;
— Өмірден озған адамдардың үйлеріне барып, Құран бағыштау;
— Араздасушыларды татуластыру;
— Науқастардың көңілін сұрау, т.б.
Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Аллаһ тағаланың рахымына бөлейтін амалдар, ишааллаһ.
Аллаһ тағала қасиетті айдағы тұтқан ораза, берілген пітір, зекет садақаларыңызды қабыл етсін, Әмин!