test
01-07-2024
28.3 C
Шымкент

ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық және оны өткізу мәселелері жөнінде кеңес

164

Кеңесте Премьер-Министр Серік Ахметов, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров және «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға бүкіләлемдік көрме өтетін алаң ретінде таңдау түскен кезден бастап бір жылдай уақыт өткенін, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық барысын қарап, тіркеу мәліметін әзірлеп, өзге де ұйымдастырушылық-құқықтық мәселелерді шешкен жөн екенін айтты.

Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 көрмесіне қаржыландырудың өзге көздерін, соның ішінде корпоративтік қатысушыларды – әлемдік деңгейдегі компанияларды тартудың маңыздылығын, мұның көрмеге дайындық жасау жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болуға тиіс екенін атап өтті.  Бұған қоса, Қазақстан Президенті дәл осы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында жаңа жоғары технологиялық әзірлемелер таныстырылымын өткізу қажеттігіне тоқталды.

– Мен бірінші күннен көрмені өткізуде ысырапқа жол берілмеуін айтып келемін. Осы орайда салынған барлық инфрақұрылымның көрмеден кейін де пайдаға асуы маңызды мәселе болып қала бермек. Көрме еліміздің әр азаматына қолжетімді болып, оны аралап шығуларына мүмкіндік жасалуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы интернеттегі, әлеуметтік ресурстар мен БАҚ-тағы тиімді және шығын аз жұмсалатын жарнама есебінен алға қойған міндетті орындауда ақпараттық-имидждік жұмысты жүзеге асыруда жаңашыл қадамдар қажеттігіне назар аударды.

Кеңес барысында Премьер-Министр көрмеге дайындық Мемлекет басшысының тапсырмасына және Ұлттық жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын баяндады, сондай-ақ барлық аталған мәселе Үкімет пен Ұлттық комиссияның ұдайы бақылауында екеніне тоқталды.

Қоршаған ортаны қорғау министрі көрменің жалпы аумағы 173 гектар болатынын және онда әртүрлі инфрақұрылымдық нысандар орналасатынын баяндады. Бұған қоса, көрменің аумағы Астананың орнықты энергетиканы дамыту жөнінде көшбасшы болуына мүмкіндік беретін үшінші индустриялық революцияны іс жүзіне асыратын әлемдегі бірінші ауданға айналмақ.

Кеңес соңында Мемлекет басшысы Adrian Smath + Gordon Gill Architecture компаниясы әзірлеген көрме кешенінің архитектуралық эскизін мақұлдады.

Ақпарат көзі: www.akorda.kz

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР