«Адам іздеп жүрмін» деген атпен өткен үш сағаттай уақытқа созылған бұл басқосудың шын мәнінде берері көп болды. Әсіресе, қаламгердің оқырмандар ықыласына бөленген «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін», «Махаббат хаттары» және т.б. кітаптары бойынша әсерлі әңгіме өрбіді.
Сұрақ-жауап түріндегі шынайы сырласу пенде біткенді мазалаған, жан дүниесіне әсер еткен жүрек түкпіріндегі маржан ойлармен бөлісті.Тәуелсіздіктің бақыты, махаббат, ізгілік іздері, жүрекке жол іздеудің жолдары, жан жарастығы, мың түрлі мінез…т.б. өте тартымды баяндалды. Әрбір жауап оқырмандар көңілінен шығып, қолдау тауып, ду қол қошаметке ұласып отырды. Әсіресе, экс-депутаттың Америка сапарындағы тастанды қазақ балаларының тағдыры туралы әңгіме қозғаған кезде залда көзіне жас алмаған адам қалмаған шығар.
Тағы бір оқиға жұрттың көз алдында өтті. 1976 жылы жазушының жақын ағасы автокөлік жүргізуші Анарбай бойжеткен қыз мейірбике Қарлығашқа ғашық болады. Бірін-бірі сүйген, сенген жандар келесі жылы көңілдерін қосып, үйленеді… Алайда, тағдырдың тосын сыйы дайын тұр екен. Көп ұзамай Анарбай көлік апатынан көз жұмады. Жап-жас, ақыл мен парасаты келіскен ару Қарлығаш қара жамылып, жесір атанады. Аяғы ауыр келіншек амалсыз төркініне кетеді. Содан уақыт өткен сайын әркім өз тірлігімен кетіп, бұл жәйт іздеусіз, белгісіз күйінде қалады. Әкім ағаның бірнеше жылдар іздеуінің арқасында сол хабарсыз кеткен Анарбай ағасының артында қалған тұяғы Алмас бауырын іздеп табады. Бұған мұрындық болған Сарыағаш аудандық «НұрОтан»партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахмет Жұмабеков еді. Дәл осы күнгі шығармашылық кеште аға мен іні жұрт көзінше, арада 36 жыл өткен соң табысады. Анарбай махаббатына адал болған Қарлығаш тұрмысқа шықпастан өмірге келген ұлын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тәрбиелеген екен. Зал сахнасына көтерілген еңгезердей жігіт сол Алмас еді. Немерелес Әкім ағасы екеуі құшақтары айқаса түсті! Міне, өмір көрінісі. Міне тағдыр! Кішкентай кезінен өз туыстарымен табысуды ниет еткен жігіттің арманы Қазақ елінің тәуелсіздік күні қарсаңында осылай орындалды. Алмас көзіне жас алып, іштегі қуанышын толқып жеткізді.Тағы бір қызық, осы кездесуден кейін Алмастың келіншегі төртінші ұлын босанды. Нәрестенің есімін Ерәкім деп атапты. Бұл екі адамның есімінен құралған: Еркін және Әкім деген. Еркін осы кешті ұйымдастырған №2 колледждің директоры, «Құрмет» орденінің иегері, абыройлы азамат Еркін Сатқанбаев болса, екіншісі бауырын іздеп тапқан еліміздің белгілі қайраткері Әкім Ысқақ есімі еді. Кеш барысында ақын-сазгердің «Соңғы вальс», «Әдемі-ай», «Жан аға», «Көк тудың желбірегені» атты әндері, сондай-ақ өлеңдері мен қарасөздері нәшіне келтіріліп орындалды.
Кеш соңында адами ізгі қасиеттерімен көпшілікті тәнті еткен Әкім Ысқақтың құшағы гүлге толды. Атылмыш кешті ұйымдастырған колледж директорлары Еркін Сатқанбаев пен Ләззат Әбибуллақызы жиналған жұртшылықтың атынан осындай керемет кеш сыйлаған қаламгерге ризашылықтарын білдірді.