Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Шымкент қаласындағы ірі сауда орындарының бірі — «Алаш» базарында болып, азық-түлік тауарлары бағаларының тұрақтылығын қадағалады. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Сауда орындарын аралап көрген облыс басшысы алдымен көкөніс, ұн, ет өнімдерінің бүгінгі бағамын саралады. Сосын қала әкімі мен базар басшылығына, тиісті сала жетекшілеріне азық-түлік тауарларының бағасын күрт өсірмеу жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды жүктеп, бағаның тұрақты қалыптасуына кедергі келтіретін факторларды жедел жоюды тапсырды.
«Азық-түлік тауарларының қымбаттауына негіз жоқ. Бұдан бөлек, облыс әкімдігінде жанар-жағармай, дәрі-дәрмек, азық-түлік тауарлары бағаларының тұрақты болуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы штабтар құрылып, шұғыл шаралар қабылданып жатыр», — деді өңір басшысы. Айта кетерлігі, облыс әкімдігі мен азық-түлік базарларының басшылығы арасында меморандум түзіліп отыр. Меморандум талаптарына сәйкес «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жанынан құрылған тұрақтандыру қоры арқылы кәсіпкерлерге бір келісі 50 теңгеден болатын жалпы 3 мың тонна ұн бөлінген. Бұл қор ауыл шаруашылығы өнімдерін де төмен бағада ұсынып отыр. Ортақ жасалған келісімге сәйкес нанның бағасы 35 теңгеге тұрақтайды. Сөз арасында, жанар-жағармай мен дәрі-дәрмектердің бағасы да тұрақты бақылауға алынғандығын жеткізген аймақ басшысы отандық тауарларға бағаны негізсіз көтергендерге қатаң шара қолданылатынын айтып өтті.
(Фото ФБ парақшадан алынды)