05-09-2021
20.3 C
Шымкент

Жаныңда жүр жақсы ұстаз

Шымкент қаласындағы   №68 жалпы орта мектеп директорының оқу  ісі жөніндегі орынбасары, физика пәнінің мұғалімі  Гүлнұр Піржанованың әдістемелік жағынан  мұғалімдердің өз пәніне деген қызығушылығын арттыруда еткен еңбегі зор. Ол мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен үздіксіз ізденісі арқылы оқушының сабаққа қызығушылық қабілетін арттырып, шығармашылық жұмыс істеуге жетелей біледі. 11

Әсіресе физика пәні бойынша «Найзағай», «Атом электр станциясының элементтерін физика сабақтарында қолдану тақырыбындағы сабақтары оқушылардың шығармашылық ізденістерін ашты. Оларды қалалық, облыстық, МАН, Зерде, ғылыми жобаларды қорғау сайыстарында жақсы нәтиже көрсетуге үлес қосты.

Мектептің оқу-тәрбие процесі барысында ұйымдастырған пән бірлестігі апталықтары, ғылыми практикалық конференциялары мұғалімдерді шығармашылық жұмыс жасауға ықпал ете білді. Мектептің «Шабыт» оқушылар газеті арқылы көптеген жас өрендердің өнерін ашып, ата-аналар мен мектеп арасындағы байланыс құралы ретінде қалыптастыра білді. Осындай  көптеген іс-шараларды ұйымдастыру бойынша алдына жан салмайтын Гүлнұр Әскербекқызын еңбекқор, ізденімпаз, ұшқыр ойлы ұстаз дер едім. Ізденімпаздығының арқасында қазіргі күнде бірнеше Алғыс хат, мадақтамалармен марапатталды.

Қазіргі қоғам алдындағы өзекті мәселе – жан-жақты дамыған, мәдениетті, шығармашыл, әлеуметтік бейімделген тұлға қалыптастыру. Оқушы қабілеттерін жан-жақты дамытып, шығармашылығын ұштай білу үшін ұстаз өзі шығармашыл тұлға болуы тиіс. Ол үшін мұғалім оқыту мен тәрбиенің тиімді жолдарын іздестіріп, оны ғылыми негізде құруы, тұлғаны дамытудың қозғаушысы, яғни өз ісінің шебері болуы тиіс. Өйткені, қазіргі кезеңге сай мұғалімді, шығармашылық әрекеттен тыс көз алдымызға елестету мүмкін емес. Шығармашыл адам үнемі өз қабілетін дамыту және жаңаны ойлап табу жолында жұмыс істейді. Шығармашыл мұғалім педагогикалық, психологиялық ғылымның озық идеялары мен ғылыми теорияларын өз іс тәжірибесінде сыннан өткізіп, талдап, оны тәжірибелік тұрғыдан байытып, толықтырып отырумен ерекшеленеді. Осындай ұстаздың қатарына Гүлнұр Піржанованы қосар едік. Өйткені ол — қаншама шәкіртке бақыт кілтін ұсынып, қабілетті, дарынды оқушыларды таба білген, шығармашыл ғылыми – ізденіспен жұмыс істейтін ұстаз. Көктемнің мерейлі мерекесі – 8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында ұлағатты ұстазға деген ыстық лебізімізді білдіргіміз келеді. Сіз халықтың баласы үшін тер төгіп, еңбек етіп жүрсіз.  Әлі де талай қоғам қажетіне жарайтын тұлғаны қалыптастырып, болашақ биігіне ұшыра беретініңізге сеніміміз мол!

Бақытгүл Ералиева, 

№68 жалпы орта мектептің мұғалімі.    

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР