15-04-2022
12.3 C
Шымкент

Кәсіпкерге кең жол ашылды

Қазақстан Президенті кәсіпкерлік қызметтің дамуына қажетті жағдайларды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды.  касипкер

Жарлыққа сәйкес, 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субьектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жарияланды. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың бизнес жүргізуі үшін қажетті жағдайды одан әрі жақсарта түсу мақсатында Үкіметке бірқатар нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Жоспарлы тексеріс жүргізу тәжірибесі тоқтатылатын болады. Мемлекеттік органдар Президент Әкімшілігімен келісе отырып, тексерістерді айқындаудың объективті, әлемдік стандарттарға сай жүйесін әзірлемек. Елбасы осы жүйеге сәйкес, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап шын мәнінде тек заңнаманы бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлерге ғана тексеріс жүргізілетінін, егер кәсіпкер заңның барлық талабын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлде бармауға тиіс екенін мәлімдеді. Тексеріс жүргізу түрі түбегейлі қайта қаралып, нәтижесінде кәсіпкерлерге қойылатын талаптардың жалпы саны 30 пайыздан артық мөлшерге қысқармақ. Ол үшін Үкімет тексеріс жүргізудің барлық регламентін қайта қарауы қажет. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев тексерістерге балама ретінде үшінші жақ алдында ерікті сақтандыруды заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігіне тоқталды. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдегі барлық тексерістердің шамамен үштен бірі тиесілі болып отырған шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерін жабу рәсімдері оңайлатылатынын хабарлады. Бизнеске қатысты тексерістер туралы ақпаратты Бас прокуратура Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсынып отыратын болады. Бұл тексеруші органдар жұмысының ашық ете түсіп,  қоғамдық мониторингті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Рұқсат беруді автоматтандыру ісі аяқталып, оның ең кемі 140 түрі электрондық нұсқаға көшіріледі. Бұған қоса құрылыс саласындағы рәсімдер де жеңілдетілуге тиіс.

– Мен Үкіметке жер телімдерін беру мен пайдалану мақсатын өзгерту, сондай-ақ құрылысқа және инженерлік тораптарға қосылуға рұқсат беру рәсімдерін 50 пайызға азайтуды тапсырдым. Жер телімін ресімдеу мерзімі 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап 30 күннен аспауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. — Мемлекеттік органдардың тиімсіз, қолайсыз және өзектілігін жоғалтқан актілерінің күші жойылады, ал орталық және жергілікті атқарушы органдардың халыққа қызмет көрсету жөніндегі ішкі рәсімдері қайта қаралатын болады. Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, биылғы 1 маусымға дейін тиісті заңнамаға толық ревизия жүргізуге тиіс.  Бизнеске ыңғайлы болуы үшін Кәсіпкерлік кодексінің жобасында кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу туралы заңдардың барлық нормалары шоғырлануы қажет. ЭЫДҰ елдерінде қабылданған реттеушілік ықпал ету қағидаты заңдық тұрғыдан бекітіледі және Қазақстанда жаңа бизнес-омбудсмен институты енгізіледі.  Оның негізгі міндеті –  кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау.

Аталмыш шаралар заңнамалық өзгерістерді қажет етеді. Бұл орайда, Үкімет  2014 жылғы 1 сәуірге дейін рұқсат беру және хабардар ету мәселелері жөніндегі заң жобаларын, 2014 жылғы 1 қыркүйекке дейін кәсіпкерлік қызмет үшін қажетті жағдайларды түбегейлі жақсарту жөніндегі заң жобасын, 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін өзін-өзі реттейтін ұйымдар қызметі жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізуі тиіс.

Кәсіпкерлікті дамыту «Қазақстан 2050» Стратегиясының негізгі міндетінің бірі екеніне тоқталған Елбасы Жарлықты жүзеге асыру және кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттен қаражат бөлу ел экономикасының өсуіне, жұмыс орындарының көбеюіне, барша қазақстандықтардың әл-ауқатының артуына серпін беретініне сенім білдірді.

Дерек көзі: Шымкент келбеті

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР