«Дипломмен ауылға!» бағдарламасына жас түлектер емес, ауылдағы жұмысшылар тартылған — ОҚО прокуратурасы
Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы жергілікті атқарушы органның құрылымдық басқармаларымен «Дипломмен ауылға!» жобасы шеңберінде жастарға мемлекеттік қолдау көрсету сапалығы мен оның пәрменділігіне, оған бөлінген қаражаттардың мақсатты жұмсалуына тексеру жүргізді. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.«Тексеру барысында жергілікті атқарушы органдармен «Дипломмен -ауылға!» жобасының орындалу сапасының төмендігі, сеніп тапсырылған мемлекеттік қаржының жұмсалуына ведомстволық бақылау жасалмайтыны, тиімсіз жаратылған қаражаттарды қайтаруға іс-шаралар қолданылмағаны анықталды. Бұдан бөлек, жобаға қатысушыларды сараптау жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмаған, халық арасында жоба бойынша үгіт-насихат жұмыстары жеткілікті дәрежеде жасалмайтыны байқалды. Осының нәтижесінде мемлекетке үлкен мөлшерде залал келтіріліп, жобаның нысаналы мақсаттарына қол жеткізілмегені белгілі болды» делінген баспасөз баянында. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, бағдарлама бойынша 2013 жылы үстемақы және баспанамен қамтамасыз ету мақсатында кредит төлемдері түріндегі әлеуметтік қолдау үшін жоба қатысушыларына республикалық бюджеттен 633,3 млн. теңге бөлінген. Ал 2011-2013 жылдары осы жоба шеңберінде облыста 1782 маман жұмыспен қамтылған. Дегенмен, осы кезеңде бұл жобаға бар болғаны жоғары және орта арнайы оқу орындарының 574 бітірушісі ғана қатысқан, яғни жалпы қатысушылардан тек 32% ғана жас түлектер, қалғандары сол ауылда бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлер болып отыр.«Осылайша, жергілікті атқарушы органдар жобаға оқу орындарын жаңадан бітірген жас түлектер мен білікті мамандарды тартудың орнына ауылдарда бұрыннан жұмыспен қамтылған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсеткені белгілі болды» делінген баспасөз баянында. Бұдан бөлек, тексеру барысында бюджеттік кредиттердің нысаналы және тиімді пайдаланылуына, оның өтелуіне бақылау және мониторинг жұмыстары мардымсыз жүргізілгені анықталды. Сосын мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алған мамандар келісімшартта көзделген мерзім аяқталмай тұрып, өз еріктерімен жұмыстан шығып кеткендері белгілі болған.Дерек көзі: Қазақпарат