Шымкент қаласында Индустрияландыру картасы шеңберінде «Триумф ММС» ЖШС-нің терезе және витраждарға арналған ПВХ-профильдер шығаратын зауыты іске қосылды. Жылына 7000 тонна профиль шығаратын жобаның құны — 1200,0 млн. тг. Бұл зауыт бүгінгі күнде 40 тұрақты жұмыс орындарымен қамтып отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (жол, электр энергиясы, су және кәріз жүйесі) тартылған және «Казкоммерцбанк» АҚ-нан 621,6 млн. тг. көлемінде алынған несие бойынша пайыздық мөлшерлеме субсидияланған.
«Жобаның басты ерекшелігі – мұнда өңірімізде алғаш рет австралиялық «Greiner» компаниясының өндіріс технологиясы қолданылуда. Біздің өнімдердің сапасы Германия өнімдерімен тең және бағасы тиімді.» -деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев. Тәулік бойына жұмыс істейтін зауытта жеті түрлі өнімдер шығарылады. Сонымен қатар 55 градус суыққа және 100 градус ыстыққа төзімді өнімдер әр екі сағат сайын зертханалық тексеруден өткізіледі. Зауытта пластиктен жасалынатын витраж және терезелерге арналған қосалқы бұйымдардың толық жиынтығы шығарылады. Компанияның қызметкерлері еуропалық мамандардан тәлім алған. Айта кететін тағы бір жайт, бұл кәсіпорында жас мамандарды тәжірибеден өткізу цехы жұмыс жасайды.
Дерек көзі: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі (фото)