«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Бимаханбетовтер отбасы Түркістанға оралды. Елге қайтар жолда пойыз Шымкент стансасында тоқтап тұрған сәтте елдің үздік жанұясының отағасы байқаудан алған әсерлерімен бөлісті. «Бәрі ойдағыдай өтті. Қатты толқыдық. Жеңеміз деп ойламаған едік», — деді Елтай Бимаханбетов жымиып. «Қатты қуандық. Күтпеген жерден жеңіске қол жеткіздік», — деді зайыбы Елена Бимаханбетова.
Балалары ата-аналарының жеңіске жететініне шүбәсіз сеніпті. Себебі, олардың жанұясы барлық қазақстандықтарға үлгі боларлықтай ғой. Елтай мен Елена 1954 жылы студент кездерінде танысқан. Екеуі де педагогикалық институтта білім алған. Кейін ұзақ жылдар бойы мектепте жұмыс істеді. Елена орыс және неміс тілдерінің мұғалімі болса, Елтай — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Содан кейін отағасы Түркістандағы мектеп директоры лауазымына дейін көтерілген. Олар 7 баласынан қазірде 33 немере мен 15 шөбере тәрбиелеп отыр. Отбасының ең кішісі екі жарым айлық нәресте.
Астанаға «Мерейлі отбасы» байқауының финалына 14 отбасы мүшесі барды. «Президент бізді көрген кезде: «Жарайсыңдар! Жанұяларыңның барлық мүшесі келгенде, мына жерге сыймай кетер едіңдер», — деп көп әзілдеді», — деді қуанышты сезімін жасыра алмаған байқау жеңімпазы.
«Президент қолымнан қысты. Бұл мен үшін үлкен мәртебе, — деді отағасы Е.Бимаханбетов. — Нұрсұлтан Әбішұлы бізге табысты да ұзақ ғұмыр тіледі». «Мерейлі отбасы» байқауында жеңіске жетеміз деп күтпеген едік, дейді олар. Жаңа шағын автобусты жүргізу ісі кіші ұлдары Нұрсұлтанға сеніп тапсырылмақ. Ол өз жанұясымен ата-анасының қолында тұрады. Алдымен олар Шымкентке облыс әкімімен жүздесуге барады. Содан кейін Алматыға немерелерінің үйлену тойына аттанбақ.
Бимаханбетовтер әулеті жылдар бойы тату-тәтті өмір сүрулерінің құпиясы бір-біріне деген сүйіспеншілік сезімдерінің беріктігінде екенін айтады. «Бір-бірін жақсы көріп, құрметтеу қажет. Өзара түсінісу, жарасымдылық орын алуы тиіс. Әрі мен ер азаматты сыйлайтын әйелмін ғой», — деді жымиып Елена.
«Ақылына көркі сай оны студент кезімде ұнатып қалдым», — деді отағасы. Жеңімпаздар аталмыш байқаудың маңыздылығына тоқталды. Осындай отбасыларды үлгі тұтып, мыңдаған жас қазақстандықтар өздерінің берік отбасын құруға септігін тигізбек.
Дерек көзі: Baq.kz