Ел аумағында алғаш болып Шымкентте жергілікті полиция қызметкерлеріне велосипедтер табыс етілді. Шараға қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қатысып, жаңа жоба аясында қызметіне кіріскен полиция қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
— Әлемнің дамыған өркениетті елдерінде бар тәжірибені басшылыққа ала отырып, қаланың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында жаңа жобаны қолға алып отырмыз. Ендігі жерде қаланың барлық саябақтары мен гүлзарларында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында тәртіп сақшылары велосипедте қала тұрғындарының қандай да бір қауіп-қатерсіз еркін демалуы үшін қызмет етеді, — деп атап өтті Қайрат Ырзақұлұлы.
Айта кетейік, бұл қажеттіліктер толығымен демеушілер есебінен жүзеге асуда. Алғашқы кезекте қалаға велосипедтің 10 данасы жеткізіліп отыр. Саябақтарда жергілікті полиция қызметкерлерін велосипедпен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақыттарда да жалғасын табады.
Автор: Ж.СЕРІКҰЛЫ