03-09-2021
18.3 C
Шымкент

Қоржында — 10 жолдама

Шымкенттік боксшы Қайрат Ерәлиев тамыз айында Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарының жолдамасын иеленді. Қытайдың Цяньань қаласында өткен іріктеу турнирінде жерлесіміз қосымша жолдамаға таласта жеңіске жетті. 56 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған боксшымыз шешуші сында филиппиндік Марио Фернандесті жеңді.  оооо

Қазақ боксшылары Қытай жерінде жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Азия Олимпиадалық іріктеу турнирі біз үшін сәттілігімен аяқталып отыр. Көрші елде үш рет Әнұранымыз шырқалды. Үкілеп апарған алтаудың да бағы жанып, жетпей тұрған алты жолдаманы қоржынға салды. Арулар сапынан Дариға Шәкімова ғана мақсатына жетті.

Олимпиада жолдамасы үшін талас қызып тұр. Қай спорт түрі болса да. Ең бірінші болып зілтеміршілеріміз жоспарын өткен жылы-ақ орындап тастағанын көпшілікке белгілі. Мінекей, екінші болып бокстан ерлер командамыз 10 лицензияны да қоржынға салды. Он жолдама – бұл тарихи жеңіс. Дегенмен, алда кемшін соққан тұстарымызды толықтыру міндеті тұр.
Бес алтын, бір күміс иемденген Өзбекстан командалық есепте бәрін басып озды. Үш алтын, бір күміс, екі қоласы бар қазақ жігіттері екінші тұғырға жайғасты.Соңғы кездері «өзбек синдромы» көп айтылып кеткені рас. Спорт болғандықтан бірде жеңіс, бірде жеңіліске тап болатыны заңдылық. Буын алмасу, өрлеу, құлдырау кезеңін де бастан өткересің.  Қазір Азия құрлығында бокс қарқынды даму жолына түскенін аңғарасыз. Бұрын тек өзбектерден ғана іш тартатын едік. Бүгінде Қытай, Үндістан, Моңғолия, Таиланд өрендеріне де тыңғылықты бап керек. Бұл жолы да қытай, үнді, өзбек боксшылары қапы қалдырған сәттер кезікті.

Бәрі де бапкерлердің сынынан өткен, тәжірибелі боксшылар. Абылайхан Жүсіпов (64 келі), Жәнібек Әлімханұлы (75 келі) және Иван Дычко (+ 91 келі) іріктеу турнирінің чемпионы атанды. Әділбек Ниязымбетов (81 келі) пен Дариға Шәкімова (75 келі) финалда сүрінсе, Олжас Сәттібаев (52 келі) пен Қайрат Ерәлиев (56 келі) үздік үшінші орынды түйіндеді. Бір айта кетерлігі, Біржан Жақыпов, Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов және Иван Дычкодан басқаларының төртжылдықтың басты бәсекесіне алғаш рет жолы түсіп отыр. Рас, Олжас Сәттібаев бұл циклда біраз жетістіктерге қол жеткізді. Азия чемпионы, әскерилер арасында әлем чемпионатын да ұтты. Қайрат Ерәлиев 2013 жылдан бері ұлттық құрамада тер төгіп жүр. Содан бері әлем чемпинаты мен Азия ойындарында қола жүлдеден олжа салды. Соңғы Азия чемпионатында да үшінші орыннан көрінді. Енді міне, Олимпиадалық іріктеу турнирін де қола жүлдемен аяқтап отыр. Әлі де көп жұмыс істеу керек екенін өзі ұғынса керек. Бокс жанкүйерлері сын айтады, қателігін көрсетеді. Бұдан спортшы өспесе, өшпесі анық.

Қайрат та 2008 жылғы Бейжің ойындарында қазаққа қола әперген Еркебұлан Шыналиев туған ауылдан. Жұлдыз ауылының жеңісті дәстүрін абыроймен арқалап келеді. 64 келіде былтыр ғана ересектер сапына ауысқан Абылайхан Жүсіпов ерледі. Небәрі он тоғыз жасар дарын. Бір жағынан, тым жас деп айтуға да болмайды. Он жеті жасында Олимпиаданың жүлдесін алғандар баршылық. Жиырма жасында чемпион болғандардың да есімі тарихта жазулы. Сондықтан, Жүсіповтың  ересектер дуындағы қадамына сәттілік тілейміз. Жас дарынның өнеріне ең алғаш 2013 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде куә болып едік. Ол кезде 54 келіде Азияның үздігі атанды. Өзі команда каптаны. Көшбасшылық қасиеті сол кезден-ақ байқалатын. Содан бері тек жеңістен жеңіске жетіп, тәжірибесі молайды. Техникалық шеберлігі де артты. Мінекей, Қытай елінде  қарсыластарының бәрінен үстем шығып, алтын жүлдені мойнына тақты.

Жәнібек Әлімханұлының жеңістері де жанкүйерлердің көз алдында. 2013 жылдан бері ресми халықаралық жарыстардың бәрін де алтын сыйлады. Өткен жылы тізгінін босаңсытып алып, опық та жеді. Азия чемпионатында да, әлем чемпионатында да жеңіліске ұшырады. Сәтсіздік сабақ болса керек, биыл міне көптен бергі арманы Олимпиада ойындарына баратын болды. Соңғы екі  қарсыласын да техникалық нокаутпен жеңгенін де айтьа кетсек.  Мұхтархан Ділдәбековтен кейін аса ауыр салмаққа қожайын болып жүрген Иван Дычкодан тек медаль күтетін болдық. Өзі де әбден жанкүйерлердің сенімінен шығып жүр. Қай жарыс болса да, Иванымыз  оңайлықпен  иіле қоймайды. Тек бас жүлде үшін таласатынына бойымыз әбден үйренді. Олимпиада ойындарының, әлем чемпионатының жүлделерін жиып-теріп алды. Дычкоға жетпей тұрғаны тек Олимпиада алтыны. Ендігі мақсат – 51 және 60 келідегі бұрымды боксшылардың жолдама жеңіп алуы. Бұл мақсатты орындауға да мүмкіндігіміз бар. Яғни, 19-27 мамыр аралығына жоспарланған әйелдер арасындағы әлем чемпионаты Астанада өтеді.

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР