16-04-2024
13.3 C
Шымкент

Той мәдениетін қашан жетілдіріеміз?

 

2008 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан «Ырыс алды — ынтымақ» қоғамдық форумы ұлттық құндылықтарды ұлықтауға шақырып, жас ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдағы сан алуан өзгерістерге баса назар аударып келеді. Төлеби ауданы «Алма тау» демалыс аймағында өткен  «Салт-дәстүрлiк iс-шаралардың деңгейiн биiктетудегi зиялылардың, ардагерлердiң және жастардың рөлi» жиынында да келелі мәселелер ортаға салынды. Баяндама жасағандар салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты көздің қарашығындай сақтап,  діннің тазалығын сақтауға шақырды. Той мәдениетін жетілдіру жолдарын айтты. toy_2201

Жеңiсбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, Оңтүстiк Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы:

Тойымызға ұлттық нақыш керек

Той түптеп келгенде – ұлттың мәдениетi, салт-дәстүрдiң бiр көрiнiсi. Қай кезде де той өткiзу мәдениетi сақталуы керек. Той салтанаты жарасымды салт-дәстүрiмiздiң аясында өту үшiн ұшқыр ойы, жүйрiк сөзi, ұлттық намысы бар асаба азаматтарға да көп байланысты. Қысқа да, нұсқа айтылған сөздердiң бағасы әлдеқайда басым. Бейәдеп ойын, арзан әзiл-қалжың, тiптi орынсыз анекдоттың айтылуы тойдың әдемi өтуiн өзгертiп, қонақтарды жалықтырып жiберетiндерi де жасырын емес.

Осы орайда мен мынадай ұсыныс айтқым келедi. Әуелi асабалар белгiлi бiр орталыққа тiркеуден өтуi қажет секiлдi. Той өткiзу жөнiнде өңiрлiк кеңес құрылып, оның құрамына беделдi зиялы қауым өкiлдерi, iшкi саясат бөлiмi, мәдениет саласы, жастар ресурстық орталығынан өкiлдер енгiзiлсе жөн болар едi.

Сонымен, қорыта айтқанда, бүгiнгi тойымызға ұлттық нақыш керек. Оны ешкiм жасап бермейдi. Өзiмiз жасауымыз керек. Ауыл болып, ағайын болып ақылдасып қолға алуымыз қажет. Бүгiнгi қосыла салып айырылысып жатқан жастарымыздың санасына ұлттық дәстүрiмiздiң ұлағатты үрдiстерiн үйлену тойының үстiнде де үлгi етiп, аз-аздап болса да санаға сiңiре бiлсек, еңбектiң еш кетпегендiгi.

Баршагүл ИСАБЕК, Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтының бiрiншi проректоры

Жас ұрпақ тәрбиесi – баршаға ортақ iзгiлiктi iс

Қазақ елiнiң жаһандану жолына бет бұрған кезеңiнде қоғам алдында тұрған аманаттың бiрi – ұрпақты заман талабына сай интеллектуалды, мәдениеттiлiгi имандылықпен ұштасқан ұлтжанды ұрпақ етiп тәрбиелеу бағытын дұрыс жолға қою мiндетi тұр.

Халықтық салт-дәстүрлер ұрпақты тектiлiкке, кiсiлiкке, парасаттылыққа тәрбиелейдi. Ұлттық дәстүрдiң жаманы болмайды, тозығы болады, тозығы қолданыстан шығып, озығына орын берiп отырады. Дәстүрдiң жоғалтқан жақсысын түгендеп, бүгiнгi заман талабына сай дамытып, жетiлдiре түсу қажет. Салт-дәстүрлердi сақтай бiлген ұрпақ болашақты баянды етiп, Мәңгiлiк ел болу идеясын жүзеге асырады деген сенiмдемiз. Ұлымыз ұлағатты, қызымыз инабатты, халқымыз салауатты болсын! Рухымыз сөнбесiн, бағымыз өрлесiн, ағайын!

Абай БАЛАЖАН, «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң директор-бас редакторы:

Ұлттық дәстүр – ұлттың тамыры

Тамырынан ажыраған өсiмдiк не iстейдi? Әрине, қурайды. Мәселеге осы қисын тұрғысынан келсек, дәстүрiнен ажыраған ұлт та жойылып, жоқ болады.

Бұл сөзiмiздi бiреулер құп алар, бiреулер құп алмас, алайда, бәрiбiр айтуға тура келедi, егер дiн iздесеңiз қазақтың дәстүрi дегенiңiз тұнып тұрған дiн! Қазақтың шыр етiп дүниеге келгеннен бастап, ақтық демi бiтiп, жер бетiндегi сапары үзiлгенге дейiнгi аралықтағы өмiрiнiң бәрi дiннен тысқары емес. Сәби дүниеге келгенде «Әлди-әлди» деп бесiк жырын айтасыз ба? Айтасыз. Сiз сол кезде-ақ перзентiңiздiң құлағына Алланың ұлық есiмiн құйып отырсыз. Лингвист ғалымдар «Әлди-әлдидi» «Алла-Алла» деген сөздiң фонетикалық өзгерiске ұшыраған түрi деп түсiндiредi. Балаңыз апыл-тапыл жүре бастағаннан ала жiппен тұсауын кесесiз. Неге ала жiппен? Әрине, кiсiнiң ала жiбiн аттамасын деген игi де iзгi тiлекпен. Ал кiсiнiң ала жiбiн аттамау дегенiңiз ислам дiнiнiң алтын өзегi емес пе?! Артынша сүндетке жатқызып, мұсылман етесiз. Қыз ұзатып, келiн түсiрiп, «Жар-Жар» айтасыз. Демек, Құдайтағаланы тағы да еске түсiресiз. Ең соңында ағайын-туыс марқұмды ақтық сапарға шығарып салғанда да дiни жоралғылардың бәрi орындалады. Сонда қазақтың бесiк пен бейiтке дейiнгi жолының бәрi дәстүрмен әдiптелiп, дiннен алшақ кетiп жатқан жоқ. Ендеше, дiн ешуақытта да мешiт санымен өлшенбейдi. Дiн жүректiң тазалығымен өлшенедi. Ал қазақтың бүкiл дәстүрi жүрегiңiздi кiрлетпеуге жұмыс iстейдi.

Ерлан АЙТБАЕВ, облыстық жастар саясаты мәселелерi жөнiндегi басқарманың «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нiң басшысы

Психологиялық көмек көрсету орталықтары ашылса…

«Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумның ықпалымен 2011 жылы барлық аудан, қалаларда «Жастар орталықтары» ашылды. Аталған орталықтар жастармен жүйелi түрде жұмыс жүргiзiп, оларға тиiмдi жағдай жасап келедi. Бұл аталған форум жұмысының нәтижесiз емес екенiнiң бiр көрiнiсi. Дегенмен, талқылануы тиiс өзектi мәселелер, шешiмiн күткен проблемалар әлi де жетерлiк. Мәселен, бүгiнгi таңдағы өте өзектi мәселе – қыз балалардың кәмелеттiк жасқа толмай ерте жүктi болып қалуы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлiметi бойынша облыста жыл басынан берi 349 кәмелеттiк жасқа толмаған қыз бала жүктi болғаны тiркелген. Қазақстан бойынша кәмелеттiк жасқа толмаған қыз балалардың ерте жүктiлiгi жөнiнен алдыңғы бестiкке кiрiп отырғанымыз өкiнiштi жағдай. Сонда бiздiң ұлттық дәстүрдi сақтағанымыз, жастарға өнегелi тәрбие бергенiмiз қайсы?! Мұндай мәселелер айтылған жерiнде қалмай, ата-аналардың, мектеп басшыларының, ақсақалдардың, тұтас қоғамның тұрақты бақылауында болуы тиiс.

Осы орайда, психологиялық көмекке мұқтаж жандарға, болашақ ана, қыз баласына, жалпы жастарға көмек көрсету мақсатында барлық аудан, қалаларда бiлiм бөлiмдерiне қарасты психологиялық көмек көрсету орталықтары ашылып, педагог-психологтарды елiмiздегi, облыстағы үздiк психолог мамандары арнайы курстарда оқытса деген ұсынысым бар.

Менiңше, «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы осындай саналуан проблемаларды қозғауымен, нақты ұсыныстарды ортаға салуымен құнды.

Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы өткiзген «Салт-дәстүрлiк iс-шаралардың деңгейiн биiктетудегi зиялылардың, ардагерлердiң және жастардың рөлi» жиынының ҚАРАРЫ

Бiз, Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының «Салт-дәстүрлiк iс-шаралардың деңгейiн биiктетудегi зиялылардың, ардагерлердiң және жастардың рөлi» жиынына қатысушылар халқымыздың, ұлтымыздың өмiрiнде, тұрмыс-тiршiлiгiнде елеулi де ерекше орын алатын салт-дәстүрлiк шаралардың, түрлi той-жиындардың, дiни рәсiмдер мен ғұрыптардың жалпы деңгейi, мәдени дәрежесi тәлiм-тәрбиелiк мән-мазмұны барған сайын биiктей түсуi керек деп санаймыз.

Облыс орталығы Шымкентте, басқа да қалалар мен аудандарда, сондай-ақ ауылдарда тойханалардың, салтанат сарайларының, басқа да алуан түрлi осы мазмұндас сәулеттi ғимараттардың қатары көбейiп отырғаны – бiр жағынан жұртшылықтың тұрмыс жағдайы мен әл-ауқатының артқандығын бiлдiредi, екiншi жағынан тереңiрек ойлануды қажет етедi.

Өңiрiмiзде, салт-дәстүрлiк шараларды, түрлi той-жиындарды, дiни рәсiм-ғұрыптарды өткiзуде Мәңгiлiк Ел мұраттары мен Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» тұрғысынан қарағанда орын алып жүрген олқылықтар мен көп болып түзетудi керек ететiн кемшiлiктер аз емес.

«Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының жиыны қарар етедi:

  1. Облыс әкiмi, форум төрағасы Бейбiт Бәкiрұлы Атамқұловтың баяндамасында және аталған тақырыпты талқылауға қатысушылардың сөздерiнде айтылған ой-пiкiрлер мен ұсыныстар жан-жақты назарға алынсын.
  2. Қалалар мен аудандардың әкiмдерi облыстық форум жиынының күн тәртiбiне сәйкес аудандық және қалалық «Ырыс алды — ынтымақ» қоғамдық форумдарының басқосуларын өткiзiп, нақтыланған, арнайы iс-шаралар жоспарын жасап, жүйелi орындалуын қамтамасыз етсiн.
  3. Облыстық «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының хатшылығы, қалалық және аудандық «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумдары, облыстық, қалалық, аудандық ардагерлер ұйымдары, бүкiл зиялы қауым, жастар ұйымдары, дiни және басқа да қоғамдық бiрлестiктер салт-дәстүрлiк iс-шаралардың деңгейiн жан-жақты биiктетуге жұртшылықты жұмылдыру iсiнде белсендiлiк танытуы қажет.
  4. Облыс әкiмiнiң орынбасары Ұ.Сәдiбеков алдағы тамыз айында облыстағы салт-дәстүрлiк шараларды, түрлi той-жиындарды, дiни және өзге де тұрмыстық рәсiмдер мен ғұрыптарды ұйымдастыруға және өткiзуге қатысты барлық тиiстi органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ, меншiк нысанына қарамастан, мәдени-көпшiлiк және бiлiм мен тәрбие беру мекемелерiнiң, тойханалар мен салтанат сарайларының, өзге де орындардың басшыларын, жауапты өкiлдерiн, асабаларды, режиссерлердi, жүргiзушiлердi, ардагерлер мен жастар, ақын-жазушылар, ғалымдар, т.б. зиялы қауым өкiлдерiн қатыстыра отырып, «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумында талқыланған аталмыш мәселеге арналған ашық пiкiрлесу өткiзсiн. Ұлттық салт-дәстүрлердi жас ұрпақ бойына сiңiру, салт-дәстүрлiк, дiни және басқа да тұрмыстық шаралардың деңгейiн көтеруге байланысты ортаға салынған ой-пiкiрлер мен ұсыныстар бойынша нақты атқарылатын жұмыс жоспары жасалып, жүйелi орындалатын болсын.
  5. Облыстық мәдениет басқармасы өзге де тиiстi басқармалармен және құрылымдармен, қоғамдық ұйымдармен бiрлесiп, салт-дәстүрлiк iс-шаралардың, түрлi той-жиындардың жаңаша бағдарларын жасауға назар аударсын, ұйымдастырушылар, жүргiзушiлер және асабалар семинарларын, оқуларын, курстарын ұйымдастыратын болсын.
  6. Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының Оңтүстiк Қазақстан облысындағы өкiл имамы, барлық мешiттердiң имамдары өзге де дiни қайраткерлер жұртшылық арасында дiни рәсiмдер мен ғұрыптарды дәстүрлi дiн мен ғасырлар сынынан өткен ұлттық, халықтық дәстүрлерге сәйкестендiрудi түсiндiру мен насихаттау iсiн барынша жандандыруға тиiс деп санаймыз. Бұл орайда облыстық дiн iстерi басқармасы мен «Дiн мәселелерiн зерттеу орталығы» мемлекеттiк коммуналдық мекемесi тиiстi қолдау мен көмектi күшейте түсуге мiндеттi. Керағар дiни ағымдардың ықпалына жол беру елiмiздiң, халқымыздың татулығына, бiрлiгi мен ынтымағына, ұлттық дәстүрлерiне, бүкiл болашағына нұқсан келтiретiнiн ешқашан естен шығаруға болмайды.
  7. Жергiлiктi мәслихаттарға, басқа да түрлi мекемелер мен ұйымдарға, құқық қорғау органдарының облыстық, қалалық, аудандық буындарына, кәсiпкерлерге, бизнес өкiлдерiне, тойханалардың, салтанат сарайларының, өзге де тиiстi орындардың басшыларына жұртшылықпен, әсiресе жастармен тиiмдi жұмыс жүргiзу, жаңаша iзденiстер жасау ұсынылсын.
  8. Салт-дәстүрлiк, дiни және басқа да тұрмыстық iс-шаралар ұйымдастыруды реттеу, әсiресе түрлi тойлар өткiзудегi даңғазалықты, ысырапшылдықты жою, адамдарды тым көп шақырып, жұртшылық тыныштығына, қоғамдық тәртiптiң, жалпы мәдениет пен этика нормаларының сақталуына нұқсан келтiретiн асыра сiлтеушiлiктердi шектеу мақсатында арнайы заң қабылдау немесе тиiстi заңнамаларға толықтырулар енгiзу жөнiнде ұсыныстар жасалуы қажет деп санаймыз.
  9. Облыстық iшкi саясат басқармасы форум жиынында көтерiлген мәселелер мен айтылған ой-пiкiрлердi қоғамдық пiкiрде және бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты, жүйелi талқылап, нақтылы нәтижелерге қол жеткiзу жолдарын қарастыратын болсын.

 2016 жылғы 24 маусым, ОҚО, Төлеби ауданы, «Алма-тау» демалыс орны.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР