03-09-2021
18.3 C
Шымкент

Мархабат Байғұт: ІШТАРЛЫҚ ПЕН ҚҰШТАРЛЫҚ (хикаят-эссе)

 

 Жазушы Мархабат Байғұт биылғы көктемде ғұлама ғалым, айтулы Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы туралы «Іштарлық пен құштарлық» атты хикаят-эссе жазып бітірген болатын. Деректі дүниеде «Кіші күншілдік», «Ірі іштарлық», «Империялық іштарлық», «Құмар қыздың құштарлығы», «Құштарлыққа құштарлық», «Құнанбайұлына құштарлық» сияқты, басқа да бірқатар бөлімдер бар. Бүгін біз осы хикаят-эссенің аз ғана үзіндісін жариялап отырмыз. vbnbn

Майтөбеде туыпты. Кәдімгі. Қаратауыңыз бен Алатауыңыздың түйіскен төрінде. Түркібасы әулиенің қос өркеші көрініп тұратын Ұмайтөбе – Майтөбенің текше-тепсеңінде. Ақсу-Жабағылының Ұрбұлақ-Дәубаба, Сазтөбе-Машат шатқалдарына ұласып жататын жайсаң жота-жонастары қалқасында. Қарасу бұлағы қайнап шығатын шырайы мен шұрайы қосыла өрілген құнарлы топырақта.

Ата-бабалары он жетінші ғасырда Алатаудың Ақсу-Көксуын, Жуалының қырғызға қарата биіктейтін аңғар-атыраптарын жайлап отырған жерінен Шақпақ асып, Түркібасы өңіріне қоныс аударған. Алты арыс Құлидың төрт атасы Түркібасыға келген. Екеуі Жуалының Тәңіртау жағындағы жайлаулар мен қыстауларда қалған. Жалпы Жуалы-Түркібасы, Ақсу-Жабағылы – Тәңіртаудың құт қойнаулары бұлардың атамекендері ғой.

Төрт арыстың біреуі Түктібайдың әулеттері әуелден-ақ аң аулаған. Атақты мергендер шыққан. Мергендерімен қатар зергерлері де аз болмаған. Мырзахметтейін мырза жігітіңізге һәм зергерлігіңіз жеті атадан жетіп қонған. Әсіресе, ат әбзелдерін, ерекше ер-тұрманды шебер жасайды екен. Бұларға қоса білезік пен сақина, сырға мен шолпы дейсіз бе, бәр-бәрін бәдіздей білген. Зергерлігі, ұсталығы, молдалығы қосыла келе қазақ қатты сыйлайтын азаматқа айналған.

Мырзахметіңіз екі әйел алған. Әкесі Рысбек жалғыз бопты. Мырзахмет те жалғыз. Ұлдан. Рекең ұлымның ұлдары көбірек болсын десе керек. Екі келінді болмақты қалаған. Тілеген. Септескен.

Мырзекеңнің бірінші әйелінен балалар көп болған. Ашаршылықта азайған. Бірқаншасы қуғын-сүргінге ұшыраған. Қамалған. Айдалған. Қайтпаған. Жалғыз Ордабек қалған. Ол дағы зергерлікпен, ұсталықпен айналысқан. Түркістанда педучилище тәмәмдаған. Бірақ мұғалімдік жұмысқа зауқы тартпаған. НКВД, КГБ-ларыңыз соңына түсіп, күн көрсетпеген. Мұғалім болсам, бетерден де бетерленіп, бекерге күйіп кетермін деген. Қырсығып, қырыққа дейін үйленбеген. Туған-туыстары түгел жабылып, зорлап жүріп әзер аяқтандырған. Үш қыз, үш ұлы өсіп-өнген.

Бүгінде бір ұлы Темірхан Ордабеков – талантты суретші. Қазақтың қадірменді қылқалам шебері. Талай-талай елдерде туындыларының көрмесі өткен, өнер тарланына айналған дарын иесі.

Мекемтасыңыз Мырзахметіңіздің екінші әйелі Зәуреден туыпты. Ойхой, Зәуредейін сұлуыңыздың зәузаттары тектілердентұғын. Атасы – атақ-даңқы алысқа кеткен, алашыңызға жайылған аймүйіз Батырбек датқаңыз. Әкесі Сейдалы би – сол даңқты датқаның немересі.

Зәуредейін заттылардың ұрпағы зерделі зергеріңіз Мырзахметтен бірнешелеп ұл тапқан. Қылша дертінен қырылған. Зәрезаптанған Зәуре ана еркеккіндік перзенттерінен қайта-қайта айырыла берген соң зар еңіреп: «Мырзеке, мұның атын Мекемтас қойсақ қайтеді?» – деген. Мырзахметіңіз өзі соққан темір төске болат балғасын бір ұрып: «Бопты. Болсын», – деп, азан шақырып, есімін еншілеген. Тәңіртауға қарап: «Мекемтас! Мекемтас! Мекемтас!» деген. Тас Мекем көкеміздің туу тауарихы шамамен осындай.

Ұлдары шетінен шетінеп кете бергенмен, Мекемтастың алдында Күләнда дейтұғын қыз болған. Оқыған-тоқығаны бартұғын. Спектакльдер қойып, басты рөлдерде ойнап, көзге түскен Күләнда әпкесі ғой ол.

Зергеріңіз Мырзахмет бұл пәниден тым ерте кеткен. Артында алтын қалған. Түнікелі, еңсесі биік үй қалған. Сол үлкен де үлгілі үйдің ортасындағы үлкен бөлмеде ұстын тіреу тұрған. Сол тіреуді білдірмей ғана оюлай ойып, тереңдей тіліп, ешкім елей бермейтіндей етіп, алтындарды жасырған.

Жойқын жүйеңіздің ірі-ірі іштарлықтары қазағыңызды қынадай қыруға кірісіп кеп-кеп кеткен. Мал-жан дейтұғын қазақты қойынан да, жылқысынан да, қысқасы, төрт түлігінен де тып-типыл еткен. Қолдан жасалған ашаршылық басталған.

Мырзахметіңіздің артында аңырап қалғандар алғашқыда әл-ауқат жағынан онша қинала қоймаған. Айнала-төңіректеріне, ағайын-туыстарына қарайласқан. Зергеріңіз зерлеп жасырған алтынның ақырындап азық-ауқатқа айналдырылып, айналымға түсіп жатқанын әпербақан белсенділер білмей қойсын ба?! Күншілдігіңіз күн көрсетпеске кеткен. Іштарлығыңыз іргелі шаңырақты түнде де тінтіген. Күндіз де тіміскілеген. Айлар бойы аңдыған. Таппаған. Әулекілер әлекке түскен. Үй иелерін қинаған. Тергеген. Таба алмаған.

Ақырында шолақ белсенділер білек сыбанып, Қарасу қайнарының басындағы түнікелі үйге от қойған. Бірден жанып, жалп етіп құламасын деп, ерекшелеу есеппен, өзгешелеп өртеген ғой олар. Ақырында шаңырақтың ұстын тұғырындай тіреу баяу жана бастаған. Зергердің оймыштаған оюлары отқа оранып, шоққа айналған мезгілде алтындар домалап түседі ғой, әттең-ай.

Ашаршылық. Ұлы дала мен ұлық тауларды жайлаған жомарт ұлтты жер бетінен түп-тамырымен жұлып тастауды түпкі мақсат етіп, осы жолдағы жымысқылықты ғасырлар бойы жүйелі жүргізген сайқал саясаттың қорқау қасқырлары білек сыбанып, білгендерін істеп бақты. Алдын-ала малынан тұлдырлай тақырланған Түркібасының қазақтары да тау-тасты кезіп, тентіреп кетті. Сай-сайларда, жыра-жыраларда өліктер көмусіз жатты. Тоқсан үйлі ауылдардың төрт-бес үйінен ғана түтін шығатын зар заман туды. Адамдар адамдардың етін жеген жағдайлар жиіледі. Сондай күндердің бірінде Ұмайтөбе-Майтөбенің орта тұсындағы өртенген үйдің тамтығынан қалқа жасап қалқиып отыратын Зәуренің зар илеп жылауға да шамасы жетпей, Қарасу қайнарының мөлдірінен ғана сусындап, төрт жасар Тас Мекемдейін ұлын жетелеп, жеті-сегіз айлық Ажардайын қызын арқалап, Түлкібас стансасына сүйретіліп зорға жеткен. Стансаның орталығынан қашқақтай қорғаншақтап, қия беткейлеп ілбіген. Ісіп-кепкен, жанарларынан жан шошитын адамдардың жандарына жолаудан да қорқатын кезенейлі кезең-ді. Пұшықкезең дөңесінен асса, арғы жағынан Кемербастау да көрінер еді. Зәуре ана осыны ойлайды.

Кемербастауда Құрманбек дейтұғын күйеу боп келетін жігерлі жігіт бар. Сіңлісін алған. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» боп кеткен бұлаң-бұлғақ бұ заманда олар дағы мәз емес шығар. Бірақ, естулерінше, қуғын-сүргіннен сауырақ, қамбалары мен қоржындары қоңдырақ күйде деседі. Төрт жасар, жіп-жіңішке Мекемтасы ашқұрсақ. Түйір нан татпағалы біраз болған. Қуырған жүгерінің жасыған дәнін санап береді. Ажар болса, сүт шықпауға айналған емшекті соруға әзер-әзер әлі жетіп, әлсіреп қалған-ды. Кенет кезең биігіндегі қара бұтаның қалқасынан қасқырлар анталап шыға келді. Зәуре ананың жон арқасы ду етіп, жыбырлай жөнелді. Артынша сансыз ине омыртқаларын осқылай шабақтап, жұлынын шаншылағандай әл-дірманы құрып, тізерлеп отыра кеткен. Іле-шала шапшаң көтерілді. Тастақ тақырдан. Талдан таяқ сындырды. Жон арқа жақтан жабысқан қорқынышты жұлып тастағысы бар. Тал таяқтың жұқалтаң-жүдеу жапырағын сындырды. Ажарды сол қолтығына қысты. Шар ете қалды. Қызы. Тез тыншыды алайда. Жылдам жүріске салды. Күш-жігер құйылғандай. Ащы өзегі удай ашыды. Тамағы құрғады. Жанарынан жас парлады. Сай жаққа емес, қияға қарата қадам басқан. Мекемтасына қарап қояды. Тас түйін секілді. Еркек қой. Тастақ беткейге бірнеше мәрте сүрініп жығылды. Жанұшыра ұшып тұрды. Орнынан. Біресе етегінен ұстайды. Біресе жеңіне жабысады. Шешесінің. Біресе тақырға жығылады. Қан-сөлсіз безеріңкі беті тасқа тисе де, қан шықпады. Мекемтасының.

Қасқырлар бұлардың бір әйел, төрттен асар-аспас жас бала, жеті-сегіз айлық нәресте қыз екенін байқап, еркінси бастады-ау. Жүріс-жүгірістерін жылдамдата түсті. Қызыл көздері құтырынған. Біраздан бермен қарата адам жеп әбден дәніккен. Әккілер өңшең. Құныққан қорқаулар.

Жота қиясында жансебілдене жүгіргенмен, өндіре алмаған. Қасқырлар тастақ жерді тырмалап, топырақ аралас қиыршық құм шашты. Бірден бассалмақтан гөрі біраз-біраз мазақтамақ, мазаттанбақ мақсатта сияқты.

Бәлкім, бұларға әуелгіде ермек керек. Үш адам. Үшеуі де әлсіз. Қарсылық танытпаққа қауқарсыз. Қорғансыз. Тістеріне түсіп-ақ тұр. Жер тырмалап, азуларын ақситып, жақындай түседі. Ісіп-кеуіп өліп жатқандардан, иіс-қоңыстанып барып қатқандардан гөрі қыбырлап жүрген тірілерді тістелей жұлқып сүйрелеп, жұлып жеп, жылы-жұмсаққа тояттайтын тойлары таяу. Адами заттың тәтті-дәмді қанын аңсай құтырынған қасқырлардың шыдам шегі таусылып, қоршап алатындай қорқынышты әрекетке көшті.

Зәуре ананың сансыраған санасы аласұрды. Қос құлағы бітеліп, қос самайы жарылғандай жанұшыра ышқынды. Қолтығындағы қызды қыса түсті. Саркүйік шөп пен сасырдың қалдығына жығылған Мекемтасын желкесінен бүріп тұрғызды. Айқай салды. Қасқырларды қорқытпақ. Үні шықпады. «А-а-а-а-а!» – деді. Дауысы зар-запыранға, өкінішке, күйінішке, күйікке буылып, булығып естілгендей. Тағы да екі рет, әлде үш мәрте айқайлады-ау. Айқайының ащылығы сонша, қасқыр екеш қасқырларыңыз дағы қалшия қалғандай. Сәл ғана сәтке «А-а-а-а-а-а…» Деді. Ана. Сана жұмысын жалғастырып жатқан.

«Менің етім молырақ қой. Ажар дейтұғын жеті-сегіз айлық қарындасымды қолтығына қысып алған күйі кете берсе де болар еді. Қорқаулар мені қанағат тұтқандай таласа жұлқыласып қалар еді. Қазақы ақыл-ой. Ой-сана. Өз дегенін істеді. Ұрпақ жалғастығы. Шаңырақ иесі Мекемтасым деген шығар. Анам Ажар, айналайын қарындасымды қасқырларға тастап, қоршай бастаған құрсаудан мені алып шыққан ғой… Еміс-еміс есімде…»

Тас Мекем көкеміз көпке дейін үн-түнсіз томсарып отырып қалады. Күрсінісін кеудесінде үнсіз тұншықтырады… Мейірбандана күлімсірейтін шуақты жүзі кенет салқын тартып, тіпті табан астынан суып сала беретін болмысын енді түсіне бастайсың.

Ұл перзенттерін құтқару үшін қыздарын қасқырға қиған қазақ әйелдері туралы аңыз әңгімелер аз емес, әрине. Ел аузында айтылыңқырайды. Жазбагерлер жазыңқыраған. Ақындар дастандар шығарған. Әлбетте, айту, жазу, оқу, тыңдау дегендеріңіз бір бөлек. Ал, бастан кешу – басқа нәрсе.

Төрт жасар ұлын тістелей қатып сүйрелеп, біржарым шақырым жердегі Кемербастау ауылына сілесі қатып, өкпесі өшіп жетеді-ай. Зәуреңіз.

Зар еңіреп, екі сөзбен айтады-ай. Асығып. Аптығып.

«Анау жақта… Ажар… Ажар-ы-ы-ым… Қас… Қасқырлар…» – дейді, Зәуре. Кемсеңдей жылап. Тізерлей құлап.

Құрманбектер атпен шауып жетсе… Саркүйік шөп пен сасыр түбіртегінің арасында түте-түтесі шыққан шашы ғана жатыр екен. Қарындасының. Айналайын Ажардың…

Анда-санда айқайлап жылап, жырлап айтып отырады екен. Анасы Зәуре. Бір жылдай Кемербастаудағы жекжаттарды сағалаған. Ашаршылық алапаты айығуға айналып, жаз басында Ұмайтөбе-Майтөбенің шиелері қызарып, өріктері рең алар шақта Қарасу қайнарының қапталына қайта оралған.

Зәуре ана зәрезаптықтың зардабын тартумен өтіпті. Батырбектейін даңқты датқаның ұрпағы, Сейдалы бидің туған қызы заманына қапаланып кетіпті. Жалғыз ұлы дегенде жанын қоярға жер таппай тағатсызданған. Перзентінің жұқалтаңдау жарғақ құлағына сырға таққан. Тіл-көзден қорғаштап шаршаған. Қалқайыңқыраған құлақтары жұқа демесеңіз, шынығып, шымыр өскен Мекемтасы ешкімге есесін жібермеген. Жастайынан өзгеге өмірі тиіспеуге, ал енді тиіскенді аямауға әдеттеніпті.

Ал, анасы өбектеуден танбапты. Ұлы сәл сырқаттанып қалса, қалтырап-дірілдеп, зәре-құты қашады екен. Бірде: «Көршінің үйінен пышақ алып келші», – дейді. Шешесі. Іле-шала айнып: «Қой, Мекем көкем, өзім-ақ барайын», – деп жүгіріп кетеді. Қайтып келе жатып, Қарасудың бір бүйіріндегі жарқабақтан құлайды. Аяғы шорт сынып кетеді. Сөйтіп жатып, күліп жатыр дейді. «Мекемтайым… Мекем көкем аман қалды-ау, айналайын. Пышаққа мұны жібергенімде мына жаман жарқабақтан құлап қалатын еді ғой, жалғызым… Жарығым…» Деп.

Сол құлағаннан, сол сынықтан құлантаза айыға алмаған ана ақырында, бір мың тоғыз жүз қырық алтыншы жылы бақилық болған. Өріктер гүлін төгіп, алмалар шешек атып тұрған шақта.

Көзінің ағы мен қарасындай жалғыз ұлының жолында желбірей елбіреп, жанын құрбан етуге даяр жүретін шешесі күйгелектеу күйде көрінгенімен, аса адал, кіршіксіз таза, ақпейіл кісітұғын. Киіміне кір жуытпайтын, тал бойына кіршік жақындатпайтын. Кісі көңіліне кірбің түсірмейтін. Оның орамалы мен көйлегіне, қыжым нымшасына дейін басқалар таңғалатын. Тазалығына. Жарасымдылығына. Діндарлығы өз алдына. Қалқоз-сапқозда қызылша шауып, жүгері жинап, көң тасып, қора тазалап жүріп те, намазын қаза қылмайтын. Қасына қаршадай баласын отырғызып қойып, жайлап қана жайнамаздың жағдаяттарын баян етер еді.

Өтті де кетті. Пәниден. Соғыстан соң. Жыл жылжыр-жылжымаста.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР