Көктем шыға кетпенін күнге сүйдіріп еңбек майданына кірісетін сайрамдықтар шаруақор. Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сайрам ауданында 200 мыңнан астам тұрғын бар.
Аудан тұрғындарының басым бөлігі мал және көкөніс шаруашылығымен айналысады. Ауданда 172 мал бордақылау алаңдары бар. Малдың жем шөбіне дейін шаруалар өздері ала жаздай дайындайды. Мал қорегі қол астында болғаннан кейін өзіндік бағасы да қымбат болмайды. Ауданда бүгінде 28 мың бас ірі қара мал бордақылануда. Соғымы шүйгін шығатындықтан сұраныс та көп. Шымкент, Алматы, Байқоңыр, Қызылорда қалаларынан сұраныс өте көп түседі. Осылайша, аудандағы 16 мал сою бекеттерінде 65 мыңдай мал сойылып, 11 мың тоннадан астам ет Қазақстан нарығына шығарылып келеді. Аудандағы ірі мал бордақылау алаңдарының бірі Манкент ауылдық округіндегі «Курвантай Ата» ЖШС-і. Серіктестік 2014 жылы ашылған. Бүгінде ісін ілгерілетіп, жылына 300 тоннадан астам ет өндіреді. 2015 жылы мал бордақылау кешенінің құрылысын толық аяқтап, 1 мезетте 700 мал басын бордақылауға қол жеткізді. Серіктестік жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек, ауданда 10-15 бастық 400-ге жуық шағын мал бордақылау алаңдары бар. Осылайша сайрамдықтардың облыс экономикасын ілгерілетуге қосып отырған үлесі қомақты.