Оңтүстік Қазақстан облысында жеке кәсіпкер голландиялық технологиямен қозықұйрық өсіруді қолға алды. Ақжол Қоңқабаев бизнесін осылайша жылыжай мен мал бордақылаудан емес, қозықұйрық өсіруден бастапты.
Еліміздің солтүстік өңірлеріндегі ағайындардың дастарханынан үзілмейтін қозықұйрық бізге түгел дерлік шеттен импортталады. Бір ғана Польшаның өзінен Қазақстанға жылына 280 тонна қозықұйрық келеді екен. Сайрамдық кәсіпкер нарықты әбден зерттеген болу керек. Байқаса, қозықұйрық өсіруге аса көп шығын да кетпейді. Арысы Польша, Голландия, берісі көрші Өзбекстан мемлекетіне барып, кәсіптің қыр-сырын меңгереді. Содан ауылда арнайы кешен тұрғызып, іске кіріседі. Әр үш айда 50 тонна, жылына 200 тонна өнім аламыз дейді іскер азамат. Келісін 1000 теңгеден саудалағанда көретін пайданы өзіңіз есептей беріңіз. Кәсіпкер оңтүстікте алғаш рет қолға алынып отырған бұл жобаны әрі қарай кеңейтуді көздейді. Қозықұйрық қант диабетіне де таптырмас ем екен. Алдағы уақытта дәрі дайындау үшін қытайлық мамандармен келіссөздер жүргізіп жатқанын да айтты.