02-09-2021
17.3 C
Шымкент

Шардарада жаңа балық зауыты ашылды

Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Шардара қаласындағы Сол жағалау елді мекенінде үдемелі индустриалды инновациялық даму шеңбері аясында жаңадан балық зауыты ашылып, жұмысын бастады. «Саодат» ЖШС-і 2014 жылы балық өңдеу зауытының құрылысын бастап, 2016 жылдың аяғында бітірген болатын. Кәсіпорын басшысы Бақыт Абдуллаева 30 адамды жұмыспен қамтып, оларға орташа 55 000 теңгеден жалақы беріп отыр. Кәсіпкердің өз қаражатынан 58 млн теңгеге және «Оңтүстік» аймақтық инвестициялар орталығы арқылы 42 млн теңге несие қаржымен барлығы100 млн теңгеге зауыттың құрылысы жүргізілді. Бұл зауыт жылына 600 тонна балық өнімдерін өндіруге қауқарлы. Ауданды балық өндірісін дамытуға арналған жаңа зауытта болашақта қолдан балық өсіруді де қолға алмақ. Қазіргі күні балықтың филе, мұздатылған және ысталған түрлерін өндіріп, өнімді Европа елдеріне шығарып жатыр. Шардара ауданы бойынша «Саодат» ЖШС-інің балық зауыты балық өңдеумен айналысатын 4-ші кәсіпорын. Бұған дейін жұмыс істеп келген «Хамит» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің балық өңдеу зауыты, «Шардарабалық – 1» балық өңдеу зауыты, жеке кәсіпкер Талғат Жалғасбаевтың балық өңдеу зауыттары былтырғы жылы жалпы 4 мың тоннаға жуық балық өңдеп, 3,2 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Оның 80%-дан астамы шет елдерге экспортталды. 2017 жылдан бастап жаңадан ашылған кәсіпорындар есебінен өнім көлемін 30%-ға арттыру жоспарлануда. Балық зауытының ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жолдыбай құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпорын басшысы Бақыт Абдуллаеваға аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті. Ауданның Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Мұхамбет Мұңалбаев бата берді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР