04-04-2022
10.3 C
Шымкент

Ерлік сабағы патриоттыққа үндейді

Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Арыс қаласында ерлік сабағы өтті. Қазақ әскері насихатталған ашық есік күні қарулы күштердің құрылғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Бүгінгі еліміздің, бейбіт заманның батырлары Қарулы күштер қатарында қызмет етіп жатқан жауынгерлердің хас бейнесін өрнектеді. Онда жауынгерлер түрлі ойын түрлері мен техникаларды көрсетіп, өзара сайысып бақты. Қоян-қолтық айқас – ұрыстың әмбебап түрі. Ұрыстың тәсілдерін жақсы меңгерген сарбаз соғыс алаңында өзін қарусыз-ақ қорғай алады дейді әскерилер. Ширақтық пен ептілікті қажет ететін қоян-қолтық шайқасқа жас жауынгерлер әбден машықтанған. Дайындықтары да мықты. Оларға қарап болашақ ел қорғандарымыз деп мақтанышпен айтуға болады. Әскерилер үйреткен әрбір айла тәсілді жетік меңгергендердің көрсеткен өнері көпшілікке жылы әсер сыйлады.  Мұндай айла-тәсілдер жауынгердің өз-өзіне сенімділігін арттыра түсері анық. Ел қорғандарының ендігі ептілігі сахнада сыналды. Арнайы ұйымдастырылған іс-шара кезінде әскерилер тек жауынгерлік өнерлерін ортаға салып қана қоймай, концерт қойып көпшіліктің көңіл күйін көтерді. Бар өнерлерін ортаға салып, ән мен жырдан шашу шашты. Сүйіктісінен жырақта жүрген сарбаздардың ән сәлеміне залдағы жастардың ықыласы да зор болды. Осылайша сарбаздар сайысына ұласқан іс-шара әскери өмірдің қым-қуыт тыныс-тіршілігінен сыр шертті. Аға ұрпақтың ерлігін жалғастыруға бастайтын осынау тағлымды сабақта жастар түрлі әскери ойын түрлері мен техникаларына тәнті болды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР