Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінде құрылыс қызу жүргізілуде. Облыс бойынша 85 нысанның құрылысы қыз қыз қайнап жатыр. Биылғы жылдың аяғына дейін 24 тұрғын үй мен 8 білім ошағы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Әсіресе әкімшілік-іскерлік орталығындағы аспанмен таласқандай зәулім үйлер көз қарықтырады. 9 қабатты әсем үйлердің бірнешеуі бой көтеруде. Өндірістік кестеге сай 50 пәтерлі монолит баспана қыркүйек айында ел игілігіне тапсырылуы тиіс. Қайнап жатқан құрылыс алаңында 120 жұмысшы еңбек етуде. Әрлеу-сырлау жұмыстары жүргізіліп, тапсырылғанға дейін майда шүйде жұмыстары уақытты ұстайды. Құрылыс сапасы бүгінде қатаң қадағалауда. Талап қатаңдатылғалы бері сапасына көптеп мән берілуде. Жаңа шағынаудандағы 1200 орынды мектепте де жұмыс қарқынды жүргізілуде. Бала басының көбеюіне байланысты Нұрсәт шағынауданында салынып жатқан бұл екінші мектеп. Өндірістік кестеге сай салынып жатқан ғимарат желтоқсан айында пайдалануға беріледі дейді мамандар. Достық елдімекеніндегі 1200 орынды мектеп жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілмек. Қазір нысанда еден төселіп, әрлеу-сырлау жұмыстары қызып жатыр. Ұлттық қордың қаражатына салынып жатқан әлеуметтік нысанның құрылысы қатаң қадағалауда. Сондықтан болар, құрылыс алаңында мердігер компания басшысы да жүр. Серіктестік директоры нысанды шілде айының аяғында толық бітіп, тапсырамыз дейді.Салаға жауаптылар көктемгі ауа райының қолайсыздығы құрылыс жұмыстарына да кері әсер еткенін жасырмайды. Дегенмен, нысандардың дер кезінде тапсырылуы мен сапасына бүгінде ерекше ден қойылған. Облыс орталығында бүгінде 29 тұрғын үйдің, 18 әлеуметтік нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 11 үй ел игілігіне табысталып, қоныс той көбеймек. 8 коммуналды баспана және Тұран шағынауданында 5 үй пайдалануға беріледі.