«Мен – қазақпын!». Әр азаматтың ұлттық ар-ожданын асқақтатып, рухын ұлықтайтын Ұлттық арна жобасы Оңтүстік Қазақстан облысына келіп жетті. Ертең – іріктеу сыны! Қапы қалмаңыз! Қасиетті қара домбырадан күмбірлете күй төгіп, көмейінен жаһұт жыр ағызатын жампоздар сыны Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда өтеді. Бүгін түстікке арнайы келген шығармашылық топ Түркістан қаласы мен Отырар ауданында болды. Аймақтағы тарихи мәдени орындарды аралап, халықтың тыныс-тіршілігімен танысты.«Мен қазақпын» халықаралық мега жоба «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйытқы болуымен қолға алынды. Мақсаты — дәстүрлі әнші, термеші мен күйшілерімізді, еліміздің әрбір аймағында қалыптасқан өнер мектебінің өкілдерін кеңінен дәріптеу, таңдаулы туындыларды өскелең ұрпаққа заманауи форматта насиxаттау. Арқа төсінен арнайы келген түсірілім тобын түстік өнерпаздары бар сән — салтанатымен қарсы алды. Тіпті, ат мінгізіп, шапан жапты. Болатбек Баянханұлы – «Қазақстан» Ұлттық арнасының продюсері «14 облыс 2 қала болатын болса, біз екі топ шыққанбыз. Бір топ Шығыс Солтүстік облыстардын аралып жүр, біз Батыс Оңтүстік өңірлерге келдік. Халықтың ықыласы ерекше. Жоба аясында «Жылдың ең үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың ең үздік термешісі» және «Жылдың ең үздік күйшісі» аталымдары бойынша марапатталады». Байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы азаматтар қатысып жатыр. Олардың өнердегі өресінен бөлек, саxнадағы киім киісі мен жүріс-тұрысына да жіті көңіл бөлінеді. Жобаға Қазақстан азаматтарынан бөлек, Ресей, Қытай мен Моңғолия жерінде тұратын қандастарымыз да қатыса алады. Сайлаухан Шоланов – Түркістан қаласының тұрғыны «Мен қазақпын» жобасы өте керек. Қазақтың небір керемет жерлері бар. Біз білмейтін. Көрмеген. Небір керемет әндеріміз бар. Біз естімеген. Бұл жоба керек»… Бүгінгі таңда өңір-өнірлерде «Мен — Қазақпын» жобасына қатысушылар іріктеліп жатыр. Қазір түсірілім жұмыстары жүргізілуде. Көрермен қауым байқаудың күнделігін қыркүйек айынан бастап, Ұлттық арнадан көре алады. Жеңімпаздар Тәуелсіздік мерекесі — желтоқсанның 16-сы күні анықталады.
НҰРЛАН Әлімбаев