Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен облыстық «Қоғамдық келісім» КММ ғимаратында «Медиация институтын дамыту – басты қажеттіліктердің бірі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, судьялар, кәсіби медиаторлар қатысты.Дөңгелек үстел барысында «Медиация және құқық» орталығының басшысы, кәсіби медиатор Эльмира Есимбетова, «Консенсус» медиация орталығының басшысы Татяна Зяблева, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» ҚБ-ның облысымыздағы өкілі Ақмарал Ізбасарова, «Медиацианы дамыту орталығы» РҚБ-ның Шымкент қаласындағы өкілі Лаура Ақшегірова және бірқатар кәсіби медиаторлар осы саланың дамуына кедергі болып отырған өзекті мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын ұсынды. Жиынды қорытындылаған ОҚО ҚХА төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов айтылған ұсыныстар назарға алынатынын айтып, медиативтік міндеттерді үйлестіруде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталды. Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 25-ші сессиясында ел бірлігін нығайтудың өркениетті тетігі ретінде медиация институтын айрықша атап өтіп, оны бірегей конституциялық құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы дамытуды ұсынған.