test
10-07-2024
21.3 C
Шымкент

«Қазақстан зорлық-зомбылықсыз отбасы» жобасының 10 күндігі талқыланды

ҚР Бас Прокуратурасының бастамасымен ОҚО –дағы Сарыағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан зорлық-зомбылықсыз отбасы» пилоттық жобасы аясында 10 күн ішінде атқарылған жұмыстар талқыланды.
Бүгін аудан әкімдігінің «Үлкен мәжіліс залында» ҚР Бас Прокурорының аға көмекшісі Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызы және БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Оксамитный Юрий Викторович аудан активімен кездесу өткізді. Кездесу барысында сөз алған ҚР Бас Прокурорының аға көмекшісі Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызы ауданда орналасқан ауылдық округтерде түрлі саланы білім, дін, мәдениет, спорт, қауіпсіздік, әлеуметтік мәселелер, медицинаны қамти отырып кездесулер, қоғамдық қабылдаулар, мәдени-спорттық іс-шаралар, жылжымалы медициналық пунктермен консультативтік-диагностикалық тексерулер өткізіліп жатқанын, отбасында зорлық-зомбылыққа қоғамның ең осал топтары көбірек балалар, әйелдер, қартайған ата-әжелер ұшырайтындығын айтып өтті. Аталған мәселелермен күресуде кейбір дүниелерге қатысты жаңа көзқарастар қажет екендігін, бұл мәселеде қоғамдасып, бірігіп жұмыс істеу қажет екендігін, мемлекеттік органдар арасында өзара үйлесімді, бірлескен жұмыстарды жандандыруды қолға алу керек екендігін баса айтты.
Сонымен қатар, Салтанат Пархатқызы осы пилоттық жобаның үлкен жаңалығының бірі алдағы уақытта отбасындағы зорлық-зомбылықты шешумен тікелей айналысатын Республика бойынша тұңғыш Оңтүстік Қазақстан облысында «Отбасы» басқармасы құрылатынын, бұл шетелдік тәжірибеде Дубайда Бақыт министрлігі, Түркияда Отбасы министрлігі бар екендігін жеткізді. Одан кейін сөз алған БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Оксамитный Юрий Викторович қазіргі таңда, әлем назары Қазақстанға ерекше ауып отырғандығын, Қазақ елі маңызды халықаралық іс-шаралардың, халықаралық маңызды мәселелерді шешудің алаңына айналып келе жатқанын мақтанышпен айта отырып, аталған мәселелерде де пилоттық жоба аясында әлемге үлгі болатындай қоғамда жақсы өзгерістер орын алатындығына сенімін білдіріп, үлкен қызығушылығын танытты.ҚР Бас Прокуратурасының бастамасымен Сарыағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан зорлық-зомбылықсыз отбасы» пилоттық жоба ағымдағы жылдың қараша айына дейін жалғасын тауып, ҚР Парламенті және Ұлттық комиссия алдында пилоттық жобаның нәтижесі мен жеткен жетістіктері бойынша есеп берілетін болады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР