Қазақстанның Қарулы Күштеріне биыл 25 жыл толып отыр. Бұл дата еліміз үшін мерейлі, мәртебесі биік мереке. Ширек ғасыр уақыт ішінде Қарулы Күштеріміздің де өз тарихы қалыптасты. Қазақстанның Қарулы Күштері – ҚР әскери құрылымы әскери басқару органдарын, Қарулы Күштердiң түрлерiн, арнайы әскерлердi, тыл, әскери оқу орындары мен ғылыми мекемелердi қамтитын іргелі құрылым. Қарулы Күштердің құрылуы 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президенті, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбас-шысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республи-касының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы қорғаныс Министрі етіп генерал полковник (1993 жылдың 9 мамырынан армия генералы) С.Нұрмағамбетовты тағайындау туралы жарлықтарға қол қойды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып қалды. Ал 2007 жылғы 21 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің № 299 Жарлығымен мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, соғыстар мен қарулы жанжалдарды болдырмауға, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды дамыту мен қолдануға негіз қалаушы көзқарастар жүйесін білдіретін Қазақстан Республикасының жаңа Әскери доктринасы бекітілген болатын. Бүгінде ОҚО Бәйдібек ауданындағы №19 колледжде кәсіптік білім алатын студенттерге Қарулы күштеріміз туралы кеңінен мәлімет беріледі. Оларға Отан алдындағы борышын өтеу абыройлы міндет екені де терең түсіндіріледі. «Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 4-бабы бойынша: Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар Әскери доктринаға және Қарулы Күштерді қолдану жоспарына сәйкес қорғаныс саласындағы міндеттерді орындайды деп көрсетілген. Тәуелсіз еліміздің өз Қарулы Күштері және отан қорғаушылары бар. Қарулы Күштер – Қазақстан Республикасының тəуелсіздігін қорғауда. Осындайда ерекше мақтанышпен айтатын жәйт, жер бетінде 200-ден аса мемлекет бар десек, жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды алатын, алайда халық саны аз Қазақстан Республикасы әскери қорғаныс саласы жағынан 53-ші орында.
Ұлан-байтақ жерімізді қорғау әрбіріміздің парызымыз десек, Қарулы Күштердің қатарында жастарымыз азаматтық борышын өтеп, қызмет етуде. Осы ретте аудандық Қарулы Күштердің ардагері ретінде айтарым, баланы отан қорғауға тәрбиелейтін бірінші отбасы, яғни ата-анасы. Әрбір ата-ана әскери міндеттің перзенті үшін мәртебелі абырой екенін сезінсе дейміз. Бүгінгі мектеп партасында отырған жас өрендер елдің қорғаны болуға тиіс.