Бүгінде ОҚО Бәйдібек ауданындағы Алғабас, Бөген және Боралдай ауылдық лабораториясында биохимиялық анализатор іске қосылған. Бұрын ауыл тұрғындары бір анализ тапсыру үшін аудан орталығына келетін болса, қазір өз ауылдық емханаларында анализ тапсыруға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ осы жылға 22 млн. теңгеге медициналық құрал-жабдықтар (тіс емдеу құрылғылары, ЭКГ аппараттары, екі жедел жәрдем автокөлігі және лабораториялық құрал-жабдықтар) алу көзделіп отыр. Алдағы уақытта «2025 жылғы даму жоспары» бойынша барлық емдеу мекемелері күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Сонымен бірге Түйетас фельдшерлік-акушерлік тірегін және Бестоғай фельдшерлік тірегін салу биылғы жылға жоспарланса, Жамбыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясы 46 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтпек.Елімізде бірнеше жылдан бері маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің мерекесі ретінде аталып келеді. Осыған орай емханамызда талай жылдардан бері маңдай терімен жұмыс жасап, халыққа жақсы медициналық көмек көрсетіп жүрген жандарды атап өтсем деймін. Мәселен, балалар дәрігері З.Есалиева, дәрігер-эндокринолог Р.Еділова, дәрігер-терапевт, балалар дәрігері Р.Тубаева — бұл кісілер зейнет жасына қарамастан, талмай қызмет етіп жүрген алдыңғы буын өкілдері. Ал, дәрігер-терапевт Г.Аширова, Алғабас дәрігерлік амбулаториясының дәрігер-терапевті М.Малаева, Кеңестөбе дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Қ.Құдайсүгірова және Жамбыл ауылдық ауруханасының дәрігері Г.Сәлиева бұлар жоғары буынды медицина қыз-меткерлері. Сондай-ақ, Шалдар ауылдық ауруханасының медбикесі О.Әбдірасилова, аудандық орталық емхананың медбикелері Б.Ділімбетова, З.Тіленшиева өздерінің белсенді жұмыстарымен қызмет атқарып жүрген орта буын қызметкерлері. Сондай-ақ қырық жыл аудандық орталық емханада қызмет еткен Г.Атенова, Х.Батырбекова “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. Медицина қызметкелерінің кәсіби мерекесі бұл жаны ауырып, ем іздеген адамдарға демеу болған жандардың еңбегі бағаланатын күн. Әрине, бұл еңбектің өтеуі бір күндік марапаттаумен, құттықтаумен өлшенбесе керек. Бұл мамандыққа кез-келген адам келе қоймайды, өйткені, бұл жандар адам жанының арашашысы. Медицина қызметкерлерінің мойнында ең үлкен және қиын жауапкершілік – адам өмірі тұр. Осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан аудандық емхана ұжымын және барлық медицина қызметкерлерін, яғни әріптестер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке тілеймін.
Есімхан ТҰРАБЕКОВ,
аудандық емхананың бас дәрігері.