«Отырар» облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Туған жер – алтын бесігім» облыстық фестивалі аясында Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ордабасы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастырумен ақын, жазушы, қоғам қайраткері Әкім Ысқақпен кездесу кеші өтті. Аудан әкімі Алмасбек Мамытбеков туған жерін сағынышпен жырға қосқан ақын Ә. Ысқақтың шығармашылық өмірбаянына арнайы тоқталып, туған жерінің ерекше ілтипат жеткізді. Кешке қатысқан қаламгерлер, журналистер жазушы Әкім Ысқақтың мемлекеттік қызметтегі әдебін, өмірдегі азаматтық болмысын, жазушылық ізденісін, өмірлік қағидаларын ақжарма тілектермен жалғады. «Әкімі Әкімін іздеген ел бақытты…». Ордабасы ауданының әкімі Алмасбек Мамытбеков ақын Әкім Ысқаққа құрмет жасады. Тосын сый жасап, Әкім Алмасбек- ақын Әкімге «Ордабасы оғланы» кітабын шығарып беріп, сыйға тартты. Кешті Ордабасы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Құрманәлі Жылқыбай жүргізді. Ақын Әкім Ысқақтың патриоттық рухтағы жырлары мен әндері орындалып, шәкірттері арнау жырларын оқыды. Бұдан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық «Туған жер-алтын бесігім» фестивалі аясында өтетін Ордабасы ауданының іс-шаралар кестесіне сәйкес «Ордабасы оттары» газеті жанындағы Дүйсенхан Нақимов атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің шығармагерлерімен кездесу кеші өтуде.