ОҚО -дағы Мақтарал ауданында орналасқан «Сапа Инвест Плюс» ЖШС-і — еліміздегі қалдықсыз өнім өндіретін бірден-бір кәсіпорын. Осыдан үш жыл бұрын Елбасының қатысуымен арнайы телекөпір кезінде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында тұсауы кесілген. Өндіріс орны мақта талшығынан құрылысқа қажетті ДСП материалдарын шығарады. Бақытбек Үсенұлы кәсіпорын ашылғалы осында еңбек етеді. Тіпті, шетел асып, тәжірибесін арттырып да келді. Кәдімгі қозапаядан- ЕУРО-1 стандартына жауап беретін ДСП жасайды. Бұл Қазақстан тұрмақ, ТМД елдері аймағында ілуде бір кезігетін сапалы өнім. Бір өкініштісі, көпшілік бұдан бейхабар. Сондықтан, жаз келгенде құрылыспен бәйек болатын ағайын өзге елден келген өнімді алуға әуес.Бақытбек Үсенұлы, инженер: «негізі ДСП еуро-1, еуро-2,3 деп бөлінеді. Біздікі ең жоғарғы сападағысы. Әрі ешқандай қоспасыз табиғи мақта таяғынан дайындалады» Шикізатты әкеліп, оны кептіріп, сығындағыш аппараттарда қалдықсыз дайындау – ауқымды, әрі күрделі процесс. Мәселен, бір тонна қозапаядан – 1 шаршы метр ғана ДСП шығады. Демек, мұнда шикізат қорының қаншалықты маңызды екенін ұғына беріңіз. Қазір кәсіпорында 50 шақты адам тұрақты жұмыс істейді.Олар осы кедергілерге қарамастан, айлық-жалақымыз тұрақты сақталуда деп отыр. Сапарғали Жорабеков, шебер:»мен осында жұмыс істеп жатқаныма біраз уақыт болды, жұмысым өзіме ұнайды, айлығымызды мезгілімен алып тұрамыз». Бүгінде өнімді сату бойынша кедергілерге кезігіп отырған кәсіпорынға отандық тұтынушылардың қолдауы керек. «Сапа Инвест Плюс» бұл мәселені оңтайландырып, өндіріс аумағын кеңейтуді де жоспарлап отыр. Өзіміздің өнімге өгейлік танытпай, қолдау білдіру әрбір қазақстандық азаматтың ұстанымы болса игі.