Оңтүстік Қазақстан облысының орталығындағы «Теріскей» мөлтекауданының кішкентай тұрғындары қуанышқа бөленді. Көпқабатты үйдің ойын алаңшасы жаңарып, аулаға әр кірді. Игілікті іске мұрындық болған – белгілі кәсіпкер Қайрат Сүйлейменов. Іскер азамат бұл қадамы арқылы Президентіміздің Өсім, реформалар, даму бағдарламасын қолдады. Кәсібін ілгері бастауға қолқабыс жасаған мемлекетке пайдасын тигізді. Әлеумет әлеуетіне бейжай қарай алмайтын азаматқа бүгінде ел ықыласы шексіз. Жаңа тұрпаттағы ойын алаңшасы тұрғындарға ыңғайлы, жайлы әрі сапалы. Балалар үшін қажетті нысан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынды. Бала – болашағымыз. Бүгінгі ұрпақ — ел тұтқасын ұстар азамат. Олар үшін жасалған қамқорлық үшін жұрт дән разы. Игі іске бастамашы болған кәсіпкерге халық алғыс жаудырды. Марта Сартайқызы – Үй төрайымы «4 скамейка болатын. Орындықтардың барлығы ескірген еді. Балалар шаңға батып, ауланың көркі қашып кеткен еді. Енді міне, ауламыз сондай әдемі, жинақы болып қалды»…Айтпақшы, алаңшаны салуға Қайрат Сүлейменов наурызда мәслихат депутаттарын сайлау кезінде жүргізген насихат жұмыстарында уәде еткен. Сайлауға санаулы-ақ күндер қалғанда қарсылас кандидаттардың қатардан шығып қалғаны үшін №11 сайлау учаскесінде сайлау өтпей қалғаны ел есінде. Уәде – Құдайдың сөзі. Депутаттық мандатқа ие болмаса да, кәсіпкер періште көңіл бүлдіршіндердің тілегін орындап, азаматтық танытты. Қайрат Сүлейменов – Кәсіпкер «Жансейіт Қансейітұлының халыққа берген есебінде тұрғындардан ауладағы ойын алаңшаларын жөндеп беруді сұранған болатын. Сонда өңір басшысы қаладағы балалар алаңшасын толық жөндеуге бюджет қаржысының жетпейтінін алға тартты. Міне, сондайда, біз сияқты кәсіпкерлер қол ұшын созып жатса, ғанибет емес пе? Депутат болсам да, болмасам да балаларға берген уәдемде тұру мен үшін үлкен жауапкершілік». Балалар көптен күткен ойын алаңында алаңсыз асыр салып жүр. «Өскенде Қайрат ағамыз секілді дегдар тұлға боламыз»,-дейді өрендер. Жас өспей ме, көкейді теспей ме? Дәл осындай жомарт, жаны жайсаң азаматтың ізін көріп өскен ұлда ұлттық сана, адамгершілік қадір-қасиет жоғары болмақ. Жарқынбек Жайылбек – Теріскей мөлтекауданының тұрғыны «Бұрын біз ойнайтын жер таппайтынбыз. Қай жерге барып ойнасақ екен деп бас қатырып жүрген едік. Қайрат ағамызға рахмет»…Ойын аттракциондары мен ауланың сәулеті мен дизайны ересектерге де, балаларға да ұнады. Көріктендірілген аула, ыңғайластырылған орындықтар және ойын алаңшасы тұрғындардың көңілінен шығып отыр.
ГҮЛСАНАТ Қалмырзақызы