Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ордабасы ауданында Қазақстан полициясының 25 жылдығына арналған мерекелік ісшара аталып өтті.
Орталық алаңда аудандық ішкі істер бөлімінің және мамандандырылған күзет қызметінің жеке құрам қызметкерлері сапқа тұрғызылды. Аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы Қ.САХОВ мерекемен құттықтап, ел тыныштығын сақтаудағы ерен еңбектері үшін алғысын білдірді. Қызмет барысында опат болған қызметкерлерге бір минут үнсіздікпен құрмет көрсетілді. Салтанатты шеруден соң, мерекелік шара аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Бөлім бастығының орынбасары, подполковник Б.МАХАНБЕТОВ полиция бөлімінің жетістіктері жөнінде баяндама жасады. Аудандық ішкі істер бөлімінің 25 жылдық тарихы жайында бейнебаян көрсетілді.
Аудан әкімі А.МАМЫТБЕКОВ:
— Халық көп жағдайда биліктің демократиялылығы мен пәрменділігін сіздердің іс-әрекеттеріңізге қарап бағалайды. Қазақстан полициясы өзінің құрылған күнінен бастап Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алға қойған міндеттерін табысты жүзеге асырып келеді, — дей келе, полиция қызметкерлеріне ізгі тілегін жолдады. Ауданда қоғам тыныштығын күзетіп, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан тәртіп сақшылары көп. Мерейлі меркелерінде олар аудан әкімдігі тарапынан марпатқа ие болып мерейлері тасыды. Әрине қоғамға қызмет еткендердің барлығы да қандай да бір құрметке лайық. Аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Сәдуахасов та ақжарма тілегін арнады. Сонымен қатар, жиын барысында құқық қорғау саласының үздіктері марапатталды.