Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Жетісай қаласының кәсіпкері Серік Маралов «Сәкен» кеңсе тауарлары дүкенінің ашылу салтанатында «Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық жасады. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ және Жетісай қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсен Төребеков қатысты. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келетін кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек» — дейді. Елбасымыздың дәл осы сөзін басшылыққа алған кәсіпкер балаларға сөмке мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарды тарту етті. Өз кезегінде осындай қайырымды жандардың қамқорлығын көріп өскен жасөскіндердің жүрегіне жылу ұялайтыны анық. Олар да өз кезегінде қолынан келіп жатса өзгелерге көлеңкесін түсірері сөзсіз. Ізгі ниетті құрғақ сөзбен емес іспен дәлелдеу осы болса керек.