ОҚО Шымкент қаласы «Шымкент механикалық зауытында» Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің қатысуымен ауылдық елді-мекендерде кооперацияны енгізу және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету үшін қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану шараларын жүзеге асыру мақсатында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, несиелеу және субсидиялау бойынша жылжымалы семинар өткізілген болатын. Аталған семинарда Шымкент механикалық зауытында жасалған сүт қабылдау бекеттерінің кілттерін облыс әкімі кооперативтерге ұсынды. Айта кетейік, құны 5 млн теңге тұратын сүт бекеттерінің 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланған. Су жаңа бекеттер сүт сақтауға арналған танкер, арнайы зертхана, тоңазытқыштармен жабдықталған. Бұл өз кезегінде шаруалардың табасын еселеп қана қоймай, өңірдегі сүт өндірісін өркендетуге сеп болмақ. Модульді сүт қабылдау бекетіне Ордабасы ауданынан қол жеткізген «АлиАзимАй» ауыл шаруашылығы кооперативі жұмысын биылғы жылдың мамыр айында бастады. Бүгінгі таңда 20 мүшесі бар. Кооператив төрағасы А.Миянов кооператив жұмысын оңтайландыруға бағытталған шараларға ризашылығын жеткізді.