test
02-07-2024
28.3 C
Шымкент

Қазақстан халқының тілдері күнін атап өтті

ОҚО-да этномәдени бірлестіктер Қазақстан халқының тілдері күнін бірге атап өтті. «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Мемлекеттік тіл – Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» мерекелік іс-шарасы өтті.  ҚР «Тілдер туралы» Заңының қабылданғанына 20 жыл толуына орай биыл алғаш рет өңірдегі этномәдени бірлестіктер тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күнін берекелі ассамблея шаңырағының астында бірлесе өткізді. Мерекелік жиынға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өзінің құттықтау сөзінде достық пен татулықты ту еткен оңтүстікқазақстандық этнос өкілдерінің байыпты бастамасын оң бағалады. 

— Тіл – кез келген ұлттың болмыс-бітімін даралайтын асыл қазынасы және ұлттық ерекшелігін көрсететін ең маңызды құндылық. Қазақстанда тұратын этностардың тілдеріне құрмет көрсету, олардың ана тілі мен төл мәдениетін дамытуына жағдай жасау – мемлекетіміздің маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі. Республика бойынша халық саны жағынан да, түрлі этностың басым шоғырлануымен де бірінші тұратын және тілі мен салт-дәстүрдің сақталуымен ерекшеленетін өлкенің бірі де осы – Оңтүстік,- деді өңір басшысы.
Мерекелік іс-шарада елімізде мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асуына лайықты үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты жиында облыстық ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Гузаль Темирова өңірдегі этномәдени бірлестіктер атынан сөз сөйлеп, оңтүстік жұртшылығына ақеділ алғысын жеткізді.
Іс-шара аясында облыстық этномәдени бірлестіктердің ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының және облыс аумағында әрекет ететін тілдерді оқыту орталықтарының көрмесі ұйымдастырылды. Қазақстандықтардың берекелі бірлігін дәріптейтін «Ынтымақ» поэтикалық композициясы сахналанып, этномәдени бірлестіктердің жанындағы шығармашылық ұжымдар дайындаған концерттік бағдарлама мен қазақ тілінің қарпін латын графикасына көшіру туралы хореографиялық композиция көпшіліктің назарына ұсынылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен мерекелік шараға аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, өңірдегі ҚХА жанындағы құрылымдардың жетекшілері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, жастар, аудандар мен қалалардан жасақталған делегациялар қатысты. Айта кету керек, бүгінде облыстық этномәдени бірлестіктер жанындағы 11 жексенбілік мектепте тыңдаушылар өз ана тілі мен төл мәдениетін үйренуде. Облыста мемлекеттік тілді және орыс, ағылшын тілдерін тегін оқытатын 14 орталық жұмыс істейді. Өңірдегі этнос өкілдерінің 70 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгерген.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР