ОҚО Созақ ауданында қарттар күніне орай осындай атаумен мерекелік іс-шара өтті. Бұл күні аз қамтамасыз етілген ардагерлерге және жалғызбасты қарт аналарға қамқорлық жасалды. Теріскей жұрты қарияларын ардақтап құрмет көрсетті. Жергілікті билік қарттар күніне орай ардагерлерге арналған салтанатты шараны жыл сайын өткізіп келеді. Міне биыл да сол дәстүр жалғасын тауып, елуге жуық аудан ардагерлері мерекелік дастархан басында қосылды. «Үлкенге ізет, кішіге құрмет». Қазақ халқы әуел бастан-ақ қариясын ардақтаған, құрметтеп, үлгі тұтқан халық. Жайылған дастархан басында тәрбиелік әңгімелер айтылды. Аудан әкімшілігі тарапынан 86 қартқа бес мың теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы берілді. Созақ ауданында 5000-нан астам қарт тұрғын бар. Оның ішіндегі 86-сы жалғыз басты мемлекеттің күтімінде. «Төрiңнен қарт кетпесiн» демекші, қарияларға құрмет азаймақ емес. Соғыс ардагері Тәжі Нұрхожаев бейбітшілік күнге шүкіршілік айтып ақ бастасын берді. Қазақ – қариясын сыйлаған халық. Қарияның батасын алмай, қазақ қоғамында қордалы байламдар жасалып, іс басталмаған. Бұл – атам заманнан бері келе жатқан игі дәстүр. Отан деп, тынымсыз еңбектерiмен мемлекетiмiздiң негiзiн салуға жол ашқан алдыңғы буын аға-апаларымыздың өмiр жолдары бүгiнгi ұрпаққа табылмас қазына. Қарт кiсiнi құт-береке деп танысақ — ол ұрпақ көрегендiгi. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әр кезде де бақытты. Сондай-ақ бұл күні келген қонақтар өздерінің жүрекжарды тілектерін білдірді. Қарттар күнінің маңызын аша түсті. Қарттарымыз батасын беріп тарқасты.
ЖАНДАР Бекбергенұлы