ОҚО Ордабасы ауданының жалпы жер көлемі 265 561 гектарды құрайды. Оның 104 372 гектары жайылымға пайдаланылса, 75 323 гектарында егістік орналасқан. Аудан бойынша қазіргі таңда 5800 жер пайдаланушы бар. Егістіктерге 72 канал арқылы су жеткізілуде. Сонымен қатар, Ордабасы ауданында 3 су қоймасы орналасқан. Олар, республикалық меншіктегі «Бөген» су қоймасы және ауданның коммуналдық меншігіне қарасты «Бөржар» мен «Теспе» су қоймалары.
«Бөген» су қоймасы -1967 жылы пайдалануға берілген. Мақсаты – жер суару үшін пайдалану. Су қойманың жобалық көлемі 370 млн/м3, су айдынының ауданы — 63,0 км2, ең жоғары ұзындығы — 12,5 км, ең жоғары ені — 5,7 км, жаға жиегінің ұзындығы — 35,2 км. Қазіргі таңда, «Қазсушар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Оңтүстік Қазақстан филиалының теңгерімінде. Ордабасы ауданының коммуналдық меншігіндегі су қоймалары Бөржар ауыл округінде орналасқан. «Бөржар» су қоймасы — 1986 жылы пайдалануға берілген. Су қойманың көлемі — 3 млн/м3, су айдынының алаңы — 36,0 га орташа тереңдігі — 13,5 м, дамбасының ұзындығы мен ені — 80,93/12,0 м. Бүгінде бұл су қоймасы арқылы 694 га. жер суғарылуда («Ықыластемір» арығы — 521 га, «Жанай» арығы — 173 га). Ал, 1987 жылы пайдалануға берілген «Теспе» су қоймасы 304 га. жерді суландыруда («Мұсабек» арығы — 167 га, «Тоқболат» арығы — 120 га, «Сапақ» арығы — 17 га).