Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің бастамасымен және Арыс қаласы әкімдігінің қолдауымен Арыс қаласында Республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ақпараттық туры ұйымдастырылды. Журналистер тобы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай атсалысып, үлес қосып жүрген бірқатар серіктестіктерді аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. Ең алдымен, тілшілер тобы Арыс қаласына қарастыАқдала ауылдық округіндегі «Жаңа Ақдала» Агрофирмасы» ЖШС-нің қуаттылығы тәулігіне 600 тонна қызанақ өңдейтін томат зауытының жұмысымен танысты.
Мұнан соң, журналистер Арыс қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңадан бой көтерген 500 орындық «Алтын балапан» балабақшасында болды.
Қаламы қарымды журналистердің келесі аялдаған жері «Өрлеу» бағдарламасы аясында шартты ақшалай көмек алған арыстық О.Ақжігітованың үйі болды. Аталған азаматша 2016 жылдың қазан айында «Өрлеу» шартты ақшалай көмегін алу үшін өтініш беріп, 6 айға 265 мың 332 теңге тағайындалды. О.К.Ақжигитова алған қаржысына пластиктен есік, терезе жасайтын құрал-жабдықтар алып, кәсібін жасап, өрлеу үстінде. Өтініш иесі көрсетілген шарттарды дұрыс орындағаны үшін, 2017 жылдың сәуір айынан бастап тағы 6 айға создыртып (пролонгация жасап) 265 мың 332 теңге тағайындалып, кәсібін кеңейтіп жұмыс жасауда.
Сапар соңында БАҚ өкілдері Арыс қаласына қарасты Дермене ауылдық округі, Саналы елді мекеніндегі «Желмая» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. Өндірістік кооператив түйе сүтін өндірумен айналысады.
Мұнда күніне 500 литрден 1 тоннаға дейін шұбат өндіріледі. Олар бөтелкелерге құйылып 10 күнде 5 тонна шұбат өнімі Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларына жіберілуде. Аталған қожалықта сауынды 150 түйе бар.
Ақпараттық турға қатысқан БАҚ өкілдері атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын таба беретін болады.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі.