Халықаралық «Қарттар күні» мерекесіне орай ауданымыздағы жасы жүзден асқан алтын құрсақты аналарымыз бен данагөй қарияларымызға құрмет көрсетілді. ОҚО Отырар аудан әкімі Ерлан Айтаханов Шәуілдір ауылындағы Отырар ауданының құрметті азаматы, ауданымыздағы Пәк аналарымыздың бірі, 115 жастағы Хадиша Бекқұлиева әженің шаңырағына «Қарттар күнімен» құттықтау үшін арнайы ат басын бұрды.
-«Сіздің бойыңыздағы өмірге деген шексіз белсенділік, ерік-жігер бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болып табылады. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде белсенділік көрсетіп, еңбек еттіңіз. Баянды бақыт, зор денсаулық, пен амандық тілеймін»-деп аудан басшысы Хадиша әжемізге сый-құрмет көрсетті. Көпті көрген ғасыр анамыз аудан әкімі Ерлан Айтахановпен ұзақ сұхбаттасып, өткен өмірінен сыр шертті. Ел бастаған Елбасыға алғысын білдіріп, барша қазақстандықтарға «Мен секілді жүз жасаңдар!»- деп ақ батасын берді.
Сондай-ақ, Арыс ауылындағы Ханшайым Құрманова, Талапты ауыл округіндегі Мауия Байгозиева, көксарайлық Назікүл Құлманова және Балткөл ауылындағы Салима Жүнісова әжелеріміз бен Үкібас Орынбай атамызға да аудан басшылығы атынан зор құрмет көрсетіліп, бағалы сый-кәделер ұсынылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету, ата-бабамыз ұстанған дәстүрлерді одан әрі жалғастыру бүгінгі ұрпақтың басты міндеті» екендігін баса айтқан болатын. Бүгінде немере, шөбере, шөпшек сүйіп, отбасыларының ұйытқысы, елдің ынтымақ-берекесі болып отырған қарттарымыздың жүріп өткен сара жолдары тәуелсіз елдің ұрпақтарына баға жетпес үлгі-өнеге деп білеміз.