21-09-2021
16.3 C
Шымкент

Еңбек елеусіз қалмайды

Ешбір еңбек елеусіз қалмайды. Таяуда ғана әлем жұртшылығының назарын өзіне аударған Астана қаласында өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің жоғары деңгейде аталып өтуіне атсалысқан Оңтүстік Қазақстан облысының шығармашылық ұжымдарының еңбегі министрлік тарапынан ерекше еленіп отыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевқа арнайы жіберген хатында мәлім етілген.  Аталған хатта министр ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында мәдени және спорттық іс-шараларды, соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері мен Густав Малердің №8 симфониясы премьерасын өткізуге атсалысқан Оңтүстік Қазақстан облысының шығармашылық ұжымдарына шынайы алғысын білдіріпті. «Аталған шараларда Оңтүстік Қазақстан облысының шығармашылық және спорт ұжымдарының биік дәрежеде көрсеткен өнері көрермендердің ыстық ықыласы мен қошеметіне ие болып, ЭКСПО -2017 көрмесінің жоғары деңгейде өтуіне септігін тигізді. Бұл ретте Сізге және Сіз арқылы Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет және спорт қызметкерлеріне шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілеймін», — дейді жолданған хатта А. Мұхаимедиұлы. Еске сала кетейік, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында 29 тамыз бен 3 қыркүйек күндері аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының күндері жоғары деңгейде аталып өткен болатын. Осы аралықта оңтүстікқазақстандық өнер ұжымдары 40-тан астам мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, Астана қонақтары мен тұрғындарының ыстық ықыласына ие болған-тын.  Атап айтсақ, бір ғана елордадағы Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері аясында өткен жалпы жұртшылыққа арналған «ЭКСПО-ға Оңтүстіктен ән шашу!» атты облыстың өнер шеберлерінің гала-концертіне 75 мың адам кіріп, рекорд орнатқан еді. Ал, жалпы ЭКСПО -2017 көрмесіне Оңтүстік Қазақстан облысынан 151 мың адам барып қатысты.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР