test
14-07-2024
31.3 C
Шымкент

14 баланы қамқорлығына алған

Түймегүл Ергешқызы — ата-анасынан ерте айрылған 14 баланы асырап алып, қамқорлық танытып отырған алтын жүректi ана. Бауырына басқан балақайлардың ұлттары да әртүрлi. Бiреуi орыс, бiреуi өзбек, ендi бiрi кәрiс… Көпшiлiгi қазақтың қаракөздерi. Өмiрiнiң мәнiсiн өзгеге жақсылық жасау деп бiлетiн қамқор жанның басты мақсаты –бүлдiршiндерiн қатарынан кем қылмай өсiру, үлкен азамат етiп тәрбиелеу. – Өмiр осынысымен маңызды, мағыналы. Өзiм балажанмын. Жетiм балалардың бiреудiң қолына жәутеңдеп қарап жүргендерiне жүрегiм ауырады. Шыдай алмаймын. Сондықтан бала асырап аламын деген шешiмге келдiм. Бiрiн дүниеге келе салысымен қолыма алсам, ендi бiрiн 1,5 жасында, бiреуiн ес бiлер ересек шағында қамқорлығыма алдым, – дейдi Түймегүл.

Балалардың жаттығу жасауына, сабақ оқуына, бос уақыттарын тиiмдi өткiзуiне, демалуына арнайы бөлмелер жасалған. Қажеттi жиһаздармен жабдықталып, көрнекiлiктермен қамтамасыз етiлген. Аулада бүлдiршiндер үшiн ойын құрылғылары орнатылған. – Өзiм көпбалалы отбасынан шыққанмын. 14 бала едiк, әкемiзден ерте айрылдық. Үйдiң үлкенi болғандықтан, сiңлiлерiм мен iнiлерiме қамқор болып, ата-анама қолғабыс еттiм. Бәрi бiлiм алды, өсiп-өндi, қазiр өздерiнiң отбасы бар. Кейiн бұл игi iсiмдi жалғастыруды ойладым. 38 жасымда алғашқы сәбидi құшағыма бастым. Сонымен, уақыт өте келе ұл-қыздарымның қатары 14-ке жеттi. Балалар үйiне барсам көңiлiм босайды. Барлық балаларды асырап алғым келiп тұрады, – дейдi қамқор жан. Оңтүстiк Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында алтын жүректi анаға «Бауырмал» сыйлығы табыс етiлдi. Әрине, қамқор жанның қайырымды iсi қандай марапатқа да лайық. Туған сәбиiн күл-қоқыстың арасына тастап кетiп жатқан безбүйрек жандар жетiмiн жылатпай, бауырына басқан Түймегүлдей аналардан үлгi алса деймiз.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ. Кентау қаласы.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР