ОҚО-да «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көпқабатты 364 тұрғын үй салынуда. Бұл туралы селекторлық мәжiлiсте облыстық құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев мәлiм еттi. Басқарма басшысының айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы негiзгi 5 бағытта жүзеге асырылып жатыр. Оның алғашқысы – ипотекалық кредит берудiң қолжетiмдiлiгiн арттыру жобасымен 96 тұрғын үйдiң құрылысы басталған. Ал, жеке құрылыс салушылар есебiнен 107 тұрғын үйдiң құрылысы жүргiзiлуде. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесi арқылы 73 кредиттiк тұрғын үй салынуда. Бұдан бөлек, жалға берiлетiн тұрғын үй қоры құрылып, 88 жеке тұрғын үйдiң құрылысы қолға алынатын болады. Осының нәтижесiнде өңiрде сатылатын пәтерлер саны көбейiп, ипотекалық кредит алушылар саны арта түспек. Жиын барысында облысымызда құрылыс жұмыстары кестеден кешеуiлдеп жатқан мектептердiң де жай-күйi сөз болды. Бұл ретте Шымкент қаласындағы «Таскен» тұрғын алабындағы №103 орта мектебiне 600 орынды жаңа оқу блогын салу» нысаны бойынша қаржы жоспарға сәйкес 100 пайыз игерiлген. Алайда, Б корпусының құрылысында 10-15 күн өндiрiстiк кестеден кешiгу байқалады. Сонымен қатар, орындалған жұмыс көлемiнiң жоқ болуына байланысты есептi кезеңге жоспарланған 650 млн. теңгенiң 66 млн. теңгесi игерiлмеген. «Мектеп құрылысын кестеден кешеуiлдеткендер жауапқа тартылады. Осы ретте құрылысы жұмыс кестесiнен кешеуiлдеп жатқан мектептердiң құрылыс жұмыстарының уақтылы және сапалы жүргiзiлуiне бақылауды күшейтудi, жыл қорытындысымен ағымдағы жылға жоспарланған жұмыстарды толық орындау арқылы, қаржылардың тиiмдi игерiлуiн қамтамасыз етудi тапсырамын» дедi облыс әкiмi Ж.Түймебаев. Жиынды қорытқан өңiр басшысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлер мен Ұлттық қор қаржысы есебiнен бой көтерiп жатқан мектептердiң құрылысын мерзiмiнде аяқтауды қадағалауды аудан, қала әкiмдерiне тапсырды.
ОҚО әкiмiнiң баспасөз қызметi.