ОҚО Мақтаралда «Ардагерді – ардақтайық» атты кеш болып өтті. Қазыналы қарттардың басын қосқан жиынға аудан әкімі арнайы қатысты. Шара барысында қариялардың еңбегі еленді. Ақылдың кені болған ақсақалдар айрықша ықыласқа бөленді. Бейбіт күнге жетуге сүбелі үлес қосқандарды алғыс хаттармен марапаттады. Замана жүгін қара нардай қайыспай көтерген ерлердің еңбегін елі ұмытпайды. Қашан да құрметтеп, талап-тілегіне құлақ түреді. Қарттар қазір де қоғамдық-әлеуметтік істердің бел ортасында. Татулық туын жықпай, бірлікті бекемдеуге ат салысып жүр. Әкім қарттардың осы қызметін айрықша атады.
ҒАЛЫМ ИСМАИЛОВ – МАҚТАРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМ
-Ауданымыздың экономикасына саяси өміріне қосып жатқан үлестеріңіз көп. Мына татулықты ауылдардағы ұлтаралық татулық, халықаралық татулықтардың бәрін өз деңгейінде жүргізуге атсалысып жүрсіздер. Оны көріп жүрміз, оған үлкен рахмет. Осындай батагөй қариялар ортамызда жүріп үлкен жақсылықтар жасауларыңызға тілектеспіз.
Ұлттың ұйысып, ұрпақтың саналы болуы жолында аналардың еңбегі ерек. Бойдағы бар ізгі қасиетін бауыр еті баласына сіңіретін ақ жаулықтылар, өнегелі ісімен өскелең ұрпақты тәрбиелеуде. Осындай аналардың қатарында мақтаралдық әжелер алқасының мүшелері де бар. Ауданда өткізіліп отыратын барлық іс-шарада бой көрсететін аналар, көрсетілген құрметке дән риза.
АЙЖАН ӨМІРЗАҚОВА – МАҚТАРАЛ АУДАНДЫҚ ӘЖЕЛЕР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМ-
Осы жастарға Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық жұмысының бекітілгеннен кейін мына жастарға үлгі беру үшін, ұрапақтан-ұрпаққа аманат , қызды қырық үйден тию бірнеше іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Осы іс-шаралардың арқасында жастарды жақсы тәрбиеге, отбасынан үлгілі болу, барлық жерде тәртіпті болып, осы ауданымыздың қандай іс-шаралары болса да белсене қатысып, еңбек етіп, еңбегіміздің арқасында бірнеше алғыс хаттарға ие болып қызмет етудеміз.
Қартын қадірлеген елдің қазынасы ортаймайды. Осы тәмсілді әрдайым қаперінде ұстайтын мақтаралдықтар қарттарға құрмет көрсетуден жалыққан емес.
АҚЕРКЕ Бақтыбаева