ОҚО Қазығұрт ауданында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тегін такси қызметі іске қосылды. Игілікті іске аудан қазынасынан үш жарым миллион теңге бөлінді. Тәулік бойы қызмет көрсететін инватакси әзірге біреу ғана. Жергілікті билік алдағы уақытта, көліктер санын арттыруды жоспарлап отыр. Ал, ауданда бойынша 100 ден астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Әнуарбек Мусабаев — бірінші топтағы мүгедек. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын азамат үшін діттеген жеріне жету мұңға айналған-ды. Әсіресе, ем-дом жасату үшін ауруханаға баратын кезде қатты қиналатын. Енді бұл қиындық артта қалды.
Жыл басынан бері мұқтаж жандарға 62 қол арба үлестірілді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз келешек қалыптастыру үшін әлі бірқатар шаруа атқарылуы тиіс. Сондай-ақ жеке оңалту бағдарламасы бойынша мүгедектер міндетті гигиеналық заттармен қамтамасыз етілуде. Бұл бағытқа 50 млн. теңге қарастырылып, қаржы толық игерілген. Инватакси қызметіне жүгіну үшін мүгедектер алдын-ала хабарласып, өтініш береді. Операторлар мәліметтер базасына оның аты-жөнін, мекен-жайын және уақытын тіркеп қояды. Диспетчерлік бөлімшеге күн сайын ондаған қоңырау келіп түседі. Яғни қажеттілік бар деген сөз. Сондықтан, сала басшылығы алдағы уақытта көліктердің санын арттыруды көздеп отыр.