21-09-2021
22.3 C
Шымкент

Біздің мақсат – кәсіпкерлікті дамыту мен оған жағдай жасау

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы кәсіпкерлердің құқығын қорғау, кредиттер алу мәселелері бойынша жобаларды сүйемелдеу, бизнес-жоспар әзірлеу, мемлекеттік – жекешелік әріптестік бойынша консультациялар, кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының аудандағы іске асырылуы бойынша қаржылай емес операторы ретінде өз жұмысын атқарып келеді. Біздің мақсат – жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды кәсіпкерлікке тарту, кәсіпкерлерге барынша жағдай жасау болып табылады.
Аудандық филиалда бүгінгі таңда филиал басшысы мен екі кеңесші-менеджер қызмет етеді. Аудан әкімшілігімен келісілген кестеге сәйкес, аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімі мен аудандық кірістер басқармасының, сондай-ақ, аудандық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлерін қатыстыра отырып, мемлекеттік бағдарламаларды, салықтық есептілікті және агроөнеркәсіптік кешен субсидиялары бойынша түсіндіру жұмыстарымен аудандағы 11 ауылдық округтерде 12 кездесу өткізіліп, кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарын толғандырған сұрақтар бойынша жауаптар берілді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Бизнес – кеңесші» жобасы бойынша кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамашылығы бар 100 адам қысқа мерзімді оқыту курсына тартылып, сертификаттар табысталды. Кәсіпкерлікті насихаттау мақсатында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 8 мақала жарияланды.
Аудан кәсіпкерлерінің проблемалары бойынша ОҚО Кәсіпкерлер палатасына 21 ұсыныс жолданды. Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі», «Өндірістік бақылау бағдарламасына сай сыни бақылау нүктелері мен тәуелділікті бақылау жүйесі», «МЖӘ Эксперт» ЖШС мамандарымен бірге, мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен ауыл шаруашылық кооперативін құру бойынша семинарлар өткізілсе, мемлекеттік сатып алу және өрт сөндіру қауіпсіздік саласы бойынша, осы екі саладағы жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жоюға бағытталған қоғамдық мониторинг тақырыбында, аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы мамандарымен бірге «Кәсіпкерлік және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мен тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстелдер өткізілді.
Аудандық филиалға кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесі бойынша 21 өтініш түсіп, оның 18-і оң шешімін тапса, қалған 3-і тиісті мекемелерге жолданып, қаралу үстінде. Кәсіпкерлерден түскен арыз шағымдарды сараласақ, басым бөлігі (11 өтініш) жерге қатысты екендігін көруге болады. Бұл жердегі басты мәселе, біздің ойымызша, жер қатынастар бөлімінде ауданның жер қорының элек-трондық картасы нұсқасының болмауы (бір жер телімінің екі шаруаға беріліп кетуі) және конкурстардың ашықтығының қаматамасыз етілмеуі. Бұл мәселені шешу үшін жер қорының электрондық картасын жасауға қаржы қарастыру және конкурсқа ұсынылған жер телімдері жөнінде сол ауыл округтеріндегі тұрғындарды бірінші кезекте хабардар ету керек.
Аудандық филиалдың кеңесші-менеджерлері 160 кәсіпкерге құқықтық кеңес пен 940 кәсіпкер мен аудан тұрғындарына мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер беріп, олардың көмегімен жалпы құны 163,7 млн теңгені кұрайтын 44 жоба сүйемелденіп, қаржыландырылды. Оның ішінде:
«Ырыс» МҚҰ ЖШС-і 12 жоба, сомасы 42,0 млн теңге; «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы арқылы 32 жоба, сомасы 121,7 млн теңге. Ауданда бүгінгі таңда 22 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылса, соның 11 АШӨК құруға филиалдың мамандары құқықтық көмек көрсетті. Қаржылай оператор болып табылатын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы 3 АШӨК-ң тірек кооперативтері етіп, кооперативтерге және оның мүшелерін 6,5 жылға 6 пайызбен несиелеуде. Атап айтқанда, «Арыстанды kz», «Құбылай» АШӨК-не 5,1 млн теңгеден сүт қабылдау пунктеріне, «Ділдәбек» АШӨК мал сою бекетіне құны 12,0 млн теңге құрайтын несиелеуге құжаттар өткізсе, ал мүшелеріне 32,5 млн теңге болатын қаржы босатылды. Бұл жердегі басты мәселе, сұраныс пен бөлінген несие қаржысының арасындағы алшақтық, яғни несие қаржысының жетіспеушілігі, сондай-ақ, кепілдік мүліктердің төмен бағалануы. Кәсіпкерлердің наразылығын тудыратын тағы бір жайт, берілетін несиенің тым ұзаққа созылуы дер едік.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды туған жерге қамқорлық жасауға шақыруын қабыл алған «Ерсултан-Агро» ЖШС-нің директоры, ауданның тумасы Ерболат Мырзабеков аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Шақпақ ауылындағы балалар циркіне «Starex» минивэн автокөлігін сыйға тартты. Бұл кәсіпкер Ерболаттың туған жеріне жасап жатқан бірінші көмегі емес. Ағыбет ауыл округі, Жұлдыз ауылының тумасы, мүмкіндігі шектеулі азамат Егізбай Бөбеевке аудандық филиалдың ұйымдастыруымен кәсіпкер депутаттар Ғ.Қапалбаев Б.Ашрафи А.Байысбековтер қаржылай көмек көрсетті.
Қазақ «Туған жерге — туыңды тік» деп бекер айтпаған. Сондықтан да, азаматтарымызға айтарымыз, туған жерге, оның мәдениеті мен салт дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністері екендігін ұмытпай, сіздерді де осыған атсалысуға шақырамыз.

С.СПАБЕКОВ,
ОҚО Кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының директоры.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР