Биыл ОҚО Бәйдібек аудандық білім бөлімі оқушылар демалысын өте тиімді ұйымдастырыпты. Оның тиімділігі мынада: Оқушылар ел көрді, жер көрді және туған елінің тарихы мен мәдениетін өз көздерімен көріп үлкен әсерге бөленді. Ең әуелі Н.Бегеровтің Нұржанның жетекшілік етуімен «Туған жерге тағзым» акциясының негізінде Оңтүстік өлкесінің тарихи, мәдени орындарымен жете танысты. Киелі Отырар мен Түркістаннан бастау алған бұл саяхат бірнеше күнге созылды. Осы күндер аралығында оқушылар Қазығұрт, Түлкібас, Сайрам, Төлеби аудандарына саяхат жасаумен қатар, шырайлы Шымқаламыздың көрікті жерлері мен тарихи мұражайларын аралады. Аралап қана қоймай, көңілдеріне көп нәрсе түйді.
Оңтүстіктің шырайлы өлкесі Түлкібасқа саяхат «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік қорығының тарихымен танысудан басталды. Балалар бұл жерде қорыққа қатысты мәліметтермен танысып, аң-құстарын тамашалады, естелік суретке түсті. Одан әрі бұл саяхат сансыз баптар мекені Сайрамға жол тартқызды. Бұл жерде оқушылар Қожа Ахмет Яссауидің ата-анасы Ибрахим мен Қарашаш ананың кесенесіне тәу етіп, тарихымен танысты. Одан әрі өз өлкеміздегі «Домалақ ана» кесенесіне саяхат жасады.
Оқушылардың қуанышында шек болған жоқ. Бала қуанышынан асқан бақыт бар ма?! Тағы бір керемет ерекшелік – оқушылардың ЭКСПО-ға саяхаты. Аудан оқушылары Арман қала Астананы, әлем назарындағы ЭКСПО-ны өз көздерімен көріп, тарихи оқиғаның куәсі болып қайтты. Балалар ЭКСПО қалашығын аралап, болашақтың энергиясын түйсініп, жүректеріне Отанға деген мақтаныш сезім ұялап, көкейлеріне болашаққа деген нық сезім қалыптасып, Астана қаласынан үлкен әсермен оралды. Сондай-ақ, олар Астана қаласының көрікті жерлерін аралап, жете танысқандарын жарыса айтады.
Балалардың басы-қасында жүріп, осы саяхатты ұйымдастырушылардың бірі М.Тоқпанбектовке ата-аналар мен оқушылардың айтар алғысы шексіз. Бала – басымыздағы бағымыз. «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын!» — деп ұлтымыздың ұлы ұстазы А.Байтұрсынов айтқандай болашаққа салғырт қарамай, осындай тиімді демалыс ұйымдастырған аудандық білім бөлімінің басшылығына біз де мұғалімдер атынан алғыс білдіріп, «Еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер» деген жүрекжарды лебізімізді білдіреміз.
Сәуле АСАНҚЫЗЫ,
Теректі жалпы орта мектебінің мұғалімі.