12-04-2022
22.3 C
Шымкент

Бағдарламаның орындалуы талқыланды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалалық мақаласының жарияланғанына 6 айдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында қандай жетістіктер бар? Нендей кемшіліктер назардан тыс қалып отыр? Бүгін бұл сауалдарға Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтің төрағалығымен өткен жиында жан-жақты жауап ізделді. Мәжіліске барлық аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен ішкі  саясат бөлімдерінің басшылары мен баспасөз хатшылары қатысты. Жиынды ашып, жүргізіп отырған Ұласбек Сәдібекұлы ең алдымен Елбасының  жарық көрген латын әліпбиіне кезең-кезеңмен   өтуге байланысты жарлығына сәйкес атқарылатын жұмыстардың күшейтілетінін атап өтті.  «Елбасы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлықтың толық нұсқасы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланып отыр.   Онда «Қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етсін; осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де, соның ішінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы, шаралар қабылдасын» делінген. Ендеше, бүгіннен бастап, осы жарлықтың орындалуын бақылауға алып,баршашамыз жұмыла жұмыс істеуіміз қажет», — деді Ұласбек Сәдібекұлы.

Жиында сондай-ақ Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылатын іс-шаралар жоспарын әзірлеу мен аудан, қала әкімдіктеріндегі БАҚ құралдарының белсенділігін арттыру мәселелері талқыланды. Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы және Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының  20 жылдығына дайындық бойынша облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәбит Исабай баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 1127 іс-шара өткізіліп, оған 720 мыңға жуық адам қатысқан. Мәселен «Туған жер» бағыты аясында 66 жоба, 121 іс-шара жүзеге асырылуда. Екінші мәселе – Астана   қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында бекітілген тұжырымдамаға сәйкес облыстың іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленген. Жиын барысында барлық аудан, қалаларға өз іс-шаралар жоспарын әзірлеу жүктелді. Аталған іс-шара үш кезеңнен тұруы қажет. Бірінші дайындық кезеңі – 2017 жылғы 10 желтоқсанға дейін, екінші дайындық кезеңі – 2017 жылғы 10 желтоқсаннан басталып, 2018 жылдың 6 шілдесіне дейін белгіленіп отыр. Үшінші кезең – 2018 жылғы 6 шілдеден 31 желтоқсанға дейінгі аралықты құрайды. Жиынды қорытқан облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков «Рухани жаңғыру» бағдарламасында нақтылаған 6 бағыт бойынша барлық аудан, қалаларға кураторлар бекітілгенін мәлім етті. Сондай-ақ ол жиналғандарды бағдарламаның дер кезінде іске асуына күш салуға шақырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР