Облыстық «қазақстан халқы ассамблеясы» ғимаратында неміс этносының мәдениеті күні өтті. Мерекелік іс-шарада облыстық қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары мұратәлі қалмұратов құттықтау сөз сөйлеп, неміс этномәдени бірлестігінің елдегі берекелі бірлікті сақтап, нығайту бағытында атқарып жатқан жұмысына жоғары баға берді. Сондый-ақ, мемлекетіміздің саяси, экономикалық және мәдени дамуына лайықты үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға облыс әкімінің құрмет грамотасын тапсырды.
Өз кезегінде облыстық «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Иосиф Бахман Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстан бүгінде барша этностардың құтты шаңырағына айналғанын айтты. Салтанатты жиында Қазақстандағы неміс этносы тарихының, әдебиеті мен мәдениетінің көрмесі, этномәдени бірлестіктердің жанындағы шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасы көпшіліктің назарына ұсынылды. Айта кету керек, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 2,5 мыңдай неміс этносының өкілдері тұрады. 1992 жылы өңірімізде «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігі құрылған. Ел бірлігін бекемдеу, тұрақтылықты сақтау бағытында атқарылған іс-шаралардың жанынан табылып келе жатқан бірлестіктің Төле би, Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Кентау қаласында филиалдары бар. Жастар қанаты, түрлі мәдени үйірмелер мен жексенбілік мектептері жұмыс істейді.